Полиция «Демпартия» митингісіне қатысқандарды ұстай бастады

0

Алматының «Астана» алаңы маңындағы Мәншүк пен Әлия ескерткіші жанында «Демократиялық партия» құруды көздейтін бастамашыл топ өкілдері митинг өткізіп, топ жетекшісі Жанболат Мамайды босатуды талап етті. Шамамен жарты сағаттан соң полиция олардың бір бөлігін ұстай бастады. Соңғы дерек бойынша, полиция бірнеше адамды ұстады.

Мұның алдында топ ескерткіш алдында өз пікірлерін айтып, билікті сынаған.

— Билік партияны тіркетпеу үшін бар амалды жасап отыр, мұның барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жасалып жатыр. Тоқаевта билік жоқ, халықты көшеге шығармау арқылы билік режимнің өмірін созғысы келеді, — деді бастамашыл топ құрамына кірген саясаткер Төлеген Жүкеев.

Ол «билік қысымына қарамастан қажетті қол жинап партияны тіркететінін» айтты. Митингі кезінде бірнеше адам сөйледі. Олардың барлығы топ жетекшісі Мамайдың ұсталуын айыптап, «саяси реформа жасауға уәде берген» Тоқаевтың уәдесінен тайғанын айтты.

«Тоқаевтың уәдесі қайда? Әлеуметтік, саяси реформа жасаймыз дегені қайда» деді наразы азаматтардың бірі. Олар «отыз жыл таптағанға шыдадық, енді тағы отыз жыл шыдап отыра алмаймыз» деп режимді сынады.

Өзін Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев деп таныстырған адам «шараның заңсыз екенін» айтып, халықты тарауға шақырды. «Конституциядағы 32-бапты қоясыз? Сіздер Ата заңға бағынасыз ба әлде Назарбаев бұйрығына бағынасыздар ма?» деп азаматтар тараудан бас тартты.

Бүгін таңертең полиция топтың оннан астам мүшесін алаңға жетпей ұстаған еді.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq