«Полиция басшысына жала жапты». Әйелімен бірге сотталған белсенді

0

«ЖАЛА ЖАБУ» МЕН «ҚОРЛАУ»

Желтоқсанның 13-і күні Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 35 жастағы жергілікті тұрғын Жамбыл Көбейсінов пен оның әйелі Ділбар Бегжанованы Қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-тармағы («бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдаланып жала жабу») бойынша айыпты деп таныды. Ерлі-зайыптының үстінен сотқа Маңғыстау ауданы полиция бөлімінің бастығы Рашид Қуандықов жеке шағым түсірген. Сот Көбейсіновті жарты жылға абақтыға қамап, Бегжанованың бостандығын алты айға шектеуге үкім шығарды.

Сот ерлі-зайыптының іс-әрекетінде оларға 131-бап («Қорлау») бойынша тағылған қылмыс құрамы болмағандықтан осы бап бойынша екеуін кінәсіз деп таныған. Сонымен бірге сот Көбейсінов пен Бегжанованың әрқайсысынан жәбірленушілердің өтемақы қоры пайдасына 25250 теңге өндіріп алуды бұйырды.

Бегжанова жеке адвокат жалдауға отбасының мүмкіндігі болмағанын, сотта олардың мүддесін қорғаған мемлекеттік адвокатты содан кейін көрмегенін айтады. Жамбылды сот залынан қолына кісен салып, түрмеге алып кетті дейді әйелі.

Жамбыл Көбейсінов. Видеодан скриншот.

Жамбыл Көбейсінов. Видеодан скриншот.

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында тұратын 35 жастағы Жамбыл Көбейсінов әлеуметтік желіні белсенді қолданатын блогер ретінде танылған. Ол YouTube желісінде жеке каналын ашып, Қазақстандағы көп балалы отбасылардың ауыр тұрмысы, қазақ тілінің жағдайы, сайлау туралы, Жаңаөзен тақырыбы тәрізді қоғамдағы өзін толғандырған көкейкесті мәселелер жайлы ой-пікірін айтып, видеолар жариялады. Блогердің YouTube-тегі «Жамбыл Көбейсінов», «jambul Kazak Kz» каналдарына 30 мыңға жуық қолданушы жазылған.

Өткен аптада Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі 130-бапты («Жала жабу») Әкімшілік кодекске ауыстыру қажет екенін айтқан. Кей сарапшылар биліктің ұсынысын «жартыкеш шара» деп сынға алған. Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің Қазақстанды «Жала жабу» бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауға шақырып келе жатқанына бірталай жыл болған.

БЛОГЕР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Жамбыл Көбейсінов пен Ділбар Бегжанованың отбасында алты бала бар, үлкені 14 жаста, кенжесі — екіде. Көбейсінов биыл ақпанда Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Ералы Тоғжановтың тұрғындарға есеп беру жиынында көп балалы отбасылар мәселесін көтерген еді.

«Президент Назарбаев (Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты – ред.) журналистерге берген сұхбатында бір отбасының айлық табысы 500 мың теңге деп мәлімдеді. Мемлекеттік статистика мәліметінде орташа жалақы 163,7 мың теңге деп көрсетіліп, ең төменгі еңбекақы 42 мың теңге деп белгіленген. Ал бізде әлі күнге дейін айына 25-30 мың теңгеге жұмыс істейтін көп балалы ата-ана бар» деді кездесуде әкімге сауал қоюға мүмкіндік алған блогер.

Жамбыл Көбейсінов Қазақстанның жер қойнауындағы байлықтың игілігін халық емес, бүгінде әлемдегі ең бай адамдардың қатарына енген аз ғана адам көріп отырғанын айтып, сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Назарбаева мен оның жұбайы Тимур Құлыбаевты мысалға келтірген.

«Қазақстанда бір жылда бір миллиард доллар пайда беретін жер қойнауы байлықтарын неге мемлекет меншігіне алмасқа? Сонда халық игілігіне жаратып, әлеуметтік мәселелерімізді 100 пайыз шешер едік. Наурыздан бастап дүниеге келген әр сәби үшін бір реттік жәрдемақыдан басқа бала 18 жасқа толғанша 20 мың теңгеден, мүгедек бала бағып отырған анаға 42 мың теңгеден берілсін» деген белсендіге залда отырған жұрт қол соғып қолдау білдірген болатын.

Облыс әкімі белсендіні «нақты сұрақ қоймадың, жалпылама ойыңды айттың» деп сөкті.

ҚУДАЛАУ

Өңір әкімінің есеп беру жиынындағы сөзінен кейін бір ай өтпей жатып Жамбыл Көбейсінов әкімшілік жауапқа тартылды. Наурыздың 15-і күні Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтаудағы филиалында өткен министрлердің «Ашық есік күні» шарасына өзін толғандырған мәселелер жайлы сауал қоюға барған Көбейсіновті полиция көлікке мәжбүрлеп отырғызып, алып кетті. Болған жайттан тікелей трансляция жүргізген белсендінің өзі тұрғындармен кездесуге келген лауазымды шенеуніктерге «шындықты жеткізіп, өткір сұрақ қоймақ болғанын» айтқан.

Ертесіне әкімшілік сот белсенді Жамбыл Көбейсіновті «құқық қорғау органы қызметкерлеріне бағынбады» деген айыппен бес тәулікке қамауға шешім шығарды. Жазасын өтеп шыққаннан кейін берген апелляциялық шағымы қанағаттандырылмаған белсенді кезекті видеоблогында «Қазақстанда сот әділетсіз шешім шығаратынына көз жеткізгенін» айтты.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын аяқтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында екі айдан соң елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Сәуірдің 30-ы күні әлеуметтік желіде тікелей эфирде қолданушылардың қойған сұрағына жауап берген Жамбыл Көбейсінов сайлауға бойкот жариялауды қолдайтынын айтқан.

КЕШІРІМ СҰРАУ

— Бәрі сол мамырдың 1-і күні басталды. Үйімізге бір топ қызметкерімен келген полиция бастығы Рашид Қуандықов Жамбылды «заңсыз митингіге шықпақшы» деген желеумен үйден алып кетпек болды. Бала-шағамыз, көршілерімізбен жабылып ара түсіп алып қалдық. Балаларым таяқ жеді, аяғым ауыр екеніне қарамай мені де сүйреледі. Кейін түсік тастадым, — дейді Ділбар Бегжанова.

Оның сөзінше, болған жағдайды күйеуі видеоға түсіріп, YouTube арқылы таратқан соң аудандық полиция басшысы «беделімді түсіретін роликтер жариялап, жалап жапты» деп сотқа арыз берген. Ерлі-зайыпты да полицияның әрекетін «заңсыз» деп бағалап, сотқа шағым түсірген.

— Кейін бұл іске жергілікті билік өкілдері араласып, екі тарапты өзара бітімге келуге шақырды. Қуандықов мырза бізге «арыздарыңды қайтып алып, менен кешірім сұраған видеоны әлеуметтік желіде жариялаңдар» деген талап қойды, — дейді Ділбар Бегжанова.

Шілденің 8-і күні Жамбыл Көбейсінов әйелі Ділбар Бегжанова екеуінің полиция басшысы Рашид Қуандықовтан кешірім сұраған сөзі жазылған видеоны әлеуметтік желі арқылы таратқан. Видеода Жамбыл Көбейсінов:

— Наурызда өз жазылушыларыммен танысу мақсатында кездесу жарияладым. Соған байланысты маған Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабы (заңсыз митинг ұйымдастыру) бойынша хаттама толтырып, мені алып кетпек болғанда «бармаймын» деп қарсылық білдірдім. Заңға бағынбағаным үшін мені алып кетуге Рашид Қуандықовтың өзі келді. Маған түсіндірген сөзіне көнбеген соң алып кетуге тырысты. Мен қарсылық көрсеттім. Балаларым шулап, әйелім араласты. Маған жақтасқан бала-шағам, әйелім полиция қызметкеріне кедергі жасауға тырысты. Ашумен айтылған сөздеріміз үшін Рашид Қуандықовтан кешірім сұраймыз, — дейді.

Белсенді YouTube-тегі каналын жауып тастағандықтан, бұл видео Facebook әлеуметтік желісінде Уайыс Ерсайынұлы атты қолданушының парақшасында жарияланған.

Ділбар Бегжанованың айтуынша, желтоқсанда жұбайы Жамбыл Көбейсінов екеуіне сотқа шақыру келген.

ПОЛИЦИЯ БАСШЫСЫНЫҢ АРЫЗЫ

Ділбар Бегжанова Азаттыққа бұрын Маңғыстау облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының және Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің басшысы болып істеген Рашид Қуандықовтың сотқа жазған жеке шағымының көшірмесін көрсетті. Ерлі-зайыптының айтқанын толықтай терістеген полиция майоры шағымында Көбейсіновтің видеосына жазылған комментарийлерде өзін жағымсыз бейнеде сипаттағанын мысалға келтіріп, «26 жыл бойы халыққа қызмет еткен офицерлік абыройыма нұқсан келді» деп санайтынын жазған.

Азаттық тілшісі Маңғыстау аудандық полиция бөлімінің бастығы Рашид Қуандықовқа телефон шалған еді. Журналиске кейін өзі хабарласуға уәде еткен полиция басшысы қайтадан байланысқа шықпады.

ҮСТЕМЕ ЖАЗА, СОТҚА «ШАҚЫРУ»

Мұнайлы аудандық соты мамырдың 22-і күні Жамбыл Көбейсіновті «заңсыз митинг өткізуге шақырған» деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Ол қамауда отырған кезде, мамырдың 30-ы күні, аудандық сот белсендіні «полицияға қарсылық көрсетті» деген айыппен (Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 667-бабының 2-бөлігі) жаза мерзіміне тағы да 10 тәулік қосқан. Белсенді басқа бап бойынша жазасын өтеп жатқандықтан, сот оған жаңа мерзімін маусымның 6-сынан бастап өтеуді белгілеген. Осылайша, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен маусымның 9-ы күні Жамбыл Көбейсінов абақтыда отырды. Белсенді кезектен тыс өткен сайлау кезінде полиция көшеден мыңдаған наразы азаматты ұстағанын кейін естіген.

Ділбар Бегжанованың Азаттық тілшісіне көрсеткен смс-хабарламаларға қарағанда, ерлі-зайыптыны қыркүйек айынан бері полиция басшысының шағымы бойынша кемінде бес рет сотқа шақырған. Әйелдің айтуынша, Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының қуғындағы лидері, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы «митинг өтеді» деп жариялаған күннің қарсаңында ерлі-зайыптыны сотқа шақырады да, ол күн өткен соң «уақытша қысқартылды» деп қоя береді. Көп балалы әйел өзінің де, жұбайының да ҚДТ қозғалысына қатысы жоғын айтады.

Еуропарламент 2019 жылы наурызда Қазақстандағы адам құқығының жағдайына байланысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған. Қазақстан билігі сот шешіміне сілтеме жасап, «тыйым салынған ұйымға қатысы бар» деген күдікке ілінген азаматтардың үстінен іс қозғап, кейбірін жауапқа тартқан.

БЕЛСЕНДІНІҢ ҮНДЕУІ

Жұбайы жарты жылға түрмеге қамалып, өзі де жаза алған Ділбар Бегжанова алты баласын қалай асыраймын деген ой жанын жегідей жегенін айтып шағынды.

— Кішілері «әкем қайда» деп сұрайды. Алып отырған азын-аулақ жәрдемақыны да келесі жылдан басқаша беріледі деп тоқтатып тастады. Жамбыл бір мекемеде от жағушы болып істеп жүрген еді. Сот болардың алдында үйге 34 мың теңге жалақысын алып келді. «Бұл неге жетеді?» деп жыларман болды, — дейді ол.

Ділбар Бегжанова Азаттыққа Жамбыл Көбейсіновтің сотталар алдында жазып қалдырған видеосын берді. Онда белсенді биылғы ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша баспанада шыққан өрт салдарынан бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласының мерт болуы көп бала бағып отырған ата-ана ретінде өзіне қатты әсер еткенін, қоғамдағы өзі куә болған әділетсіздіктер жайлы ой-пікірін ашық білдіріп, көпке таратқанын айтқан. Ол әлеуметтік жағдайы төмен жандардың мұң-мұқтажы мен талабын жария етіп, билікті сынағаны үшін жазықты болып жатқанын жеткізген.

«Балық басынан шіриді… Біз осындай Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз… Балаларымызды еркін, патриот қылып өсіре алмаймыз. Жанашыр қылып та өсіре алмаймыз. Біреудің қиналғанын көріп, оған жанашырлық білдірсе апарып қамайды» дейді белсенді сотталар алдында жазған видеода.

Azattyq