полиция басқармасының басшысы қызметінен кетті
Қысқа сілтеме алу
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция департаменттерінің кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардың алдын алу жұмысын сынға алды
НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Оқушы қыз даладағы дәретханада зорлық көргеннен кейін Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы қызметінен кетті.
«Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мәдимарова қызметінен босатылды. Бұған қоса, мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылып, Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің басшылары жазаланды», — деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрлігіндегі жиын
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстардың, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша кеңес өткізді.
Ол өңірлік басшыларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қордаланған проблемалық мәселелерді мұқият талдауды және шешуді тапсырды.
Учаскелік және мектеп полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру, мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күзет ұйымдарын тарту мәселелері қаралды.
Тағы оқыңыз: Дәретханада оқушы қыз зорланды: шенеуніктер жұмыстан қуылып жатыр
Тұрғымбаев бірқатар өңірлік полиция департаменті мен салалық қызмет жұмысында орын алған елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды атап өтті.
Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің басшылары сынға түсті.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды:
· Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді;
· Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановқа қатаң сөгіс жарияланды;
· Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрымхановқа қатаң сөгіс жарияланды.
«Полицияны бағалаудың негізгі индикаторларының бірі — кәмелетке толмағандардың қылмыстық қол сұғушылықтан қорғалу деңгейі екеніне аумақтық департамент басшыларының назарын аударамын. Адамдар бізден дәл осыны күтіп отыр. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз», — деді министр Тұрғымбаев.
Оқушы қыздың көрген қорлығы
Он екі жастағы жетінші сынып оқушысы Тараз мектептерінің бірінің ауласындағы дәретханада зорлық көрді.
Мектептегі әжетхана дұрыс істемеген. Ешкім оқу орны аумағында бөтен адамның жүргеніне көңіл аудармаған, деп нарызылық білдірді оқушылардың ата-аналары.
Күдікті ұсталып, тергеу абақтысына қамауға алынды. Полиция дерегінше, ол 19 жыл бұрын зорлық жасағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектептегі оқиғадан кейін Тараз әкімін қызметінен босатуды тапсырды.
Бұған дейін Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы, мектеп инспекторы, мектеп директоры, қызды сабақтан босатқан мұғалім, кезекші ұстаз, вахташы мен оқу ісінің меңгерішісі жұмыстарынан шығарылған болатын.
Дәретхана проблемасы
Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде 7 014 мектеп бар, олардың 2 514-де әжетхана аулада орналасқан. Қалаларда бұндай мектептер саны – 157, ал ауылдарда — 2 357.
Қала және облыс әкімдіктері 2021 жылға дейін мектеп ауласындағы дәретханаларды толығымен жойып, оларды оқу орнының ішінде орнатуы тиіс.
sputniknews.kz