Полиция Азаттық тілшілеріне шабуылдаған оқиғаға қатысты тергеу бастады
Алматы қаласы полиция департаменті Азаттық және басқа басылымдарының тілшілеріне шабуыл оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің «Өз бетінше билік ету» бабы (389-бап) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, полицияға баспасөз жиынын бес адам, ұйымдастырушылар мен журналистер, шағым түсірген. Бұдан бөлеу, тағы үш адам «журналистер мен баспасөз қызметін ұйымдастырушылар тарапынан зардап шектім» деп полицияға арызданған. Тергеуді Әуезов аудандық полиция басқармасы жүргізеді.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша сот-медициналық сараптама жүргізілетінін хабарлады.
Бүгін, 22 шілдеде белгісіз әйелдер Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайыновқа шабуыл жасады. Азаттық тілшілері таңертеңгі сағат 11-де Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросындағы баспасөз жиынына барған. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге тарпа бас салған бес әйел оларға қол жұмсап, кәсіби техникасын сындырды. Белгісіз әйелдер ҚазТАГ ақпарат агенттігі мен Алматы арнасының да тілшілеріне шабуылдаған.
Адам құқығын қорғау бюросында «Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтуі тиіс еді. Жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істің мән-жайын айтпақшы болған.
Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреу Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа көзден жас ағызатын газ шашқан. Журналистер биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткенімен, билікте ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетін Астана күні наразылық білдіріп көшеге шыққан азаматтарды полицияның ұстағаны туралы хабар дайындап жүргенде шабуылға тап болған еді.
Оқиға болған жерде жүрген полиция өкілдері Азаттық журналистерінің кәсіби жұмысына бет-жүзін жасырып, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдардың кедергі келтіргені туралы айтқан арыз-өтініштерін елеусіз қалдырған. Азаттық полицияның бұл қылығына шағым айтып, 16 шілдеде бас прокуратураға арыз жазды. Әзірге оған жауап келген жоқ.