Полиция 9 маусымда ұсталғандарды Нұр-Сұлтанның сырт жағына «әкетіп бара жатыр»
9 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен митингіде ұсталғандарды полиция түнімен ұстап, 10 маусымда қаланың сыртына әкеткен. Полиция ұсталғандарды басқа жаққа әкетіп бара жатқаны туралы туысқандарына хабар бермеген. Бұл туралы Азаттық тілшісіне полиция ұстағандардың жақындары айтты.
Белсенді Дианара Мұқатова түс кезінде Азаттыққа өзін «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» деп соттаған және бірнеше ұсталған адамдармен бірге автозакпен қаланың сыртына әкетіп бара жатқанын жеткізді.
Автозакта отырған Мұқатова Facebook желісіне тікелей эфирге шықты. Ол өздерін қай жаққа апара жатқанын білмейтінін айтты. Видеода полиция қызметкерлерін байқалады. Мұқатова митингіде бақылаушы болып жүрген кезде ұсталғанын айтады.
Автозакта отырғандардың бірнешеуі сотқа тартылып, бес тәуліктен 15 тәулікке қамалғандарын жеткізді. Мұқатованың сөзінше, сот ұсталғандарды қорғаушысыз соттаған.
«Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Бір адамдар тамақ әкеп берді. Ұсталғандар ақша жинап, қажетті заттарды алды. Түнде шамамен бес жүздей адамгың соты өтті» деді Мұқатова.
«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» жетекшісі Зәуреш Батталованың айтуынша, ұсталғандардың жақындары 10 маусымда Нұр-Сұлтандағы «Нұр Отан» партиясына барып, биліктен туыстарының жағдайы жайлы ақпарат алмақ болған.
Ұсталғандардың бірі ондаған адаммен бірге Ақмола облысы Аршалы ауданы жаққа қарай кетіп бара жатқанын айтты. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол жанында арнайы жасақ өкілдері мен солдаттар отырғанын жеткізді.
9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүздеген адамды ұстады. Ақтөбеде де полиция адамдарды ұстағаны жайлы ақпарат тараған.
10 маусымда елде күзет күшейіп, полиция адамдарды ұстауды жалғастырды.