«Полицейлер інімізді баукеспе деп айыптады»: Қордайда мәйіті табылған жігіттің жақындары мұңын шақты — Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгін Қордай ауданындағы қақтығыстан соң із -түзсіз жоғалып кеткен Мұрат Масановтың денесін жақындары жер қойнына тапсырды. Марқұмның жаназасына жиылған жұрттың қарасы қалың. Мұраттың туыстары, жергілікті билік пен полицейлердің жұмыстарына көңілдері толмайтындарын айтады. Сөздерінше, бүгінге дейін бірде бір рет хабарласып, іздеу жұмыстары жайлы тіс жармаған екен. Ал мәйітті берер кезде полицейлер марқұмға жала жауып, қорлады дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қордай

Мұрат Масановты ақтық сапарға шығарып салуға келген қауымның қарасы қалың. Жоқтау айтып жылап тұрған бір айдан бері із-түссіз жоғалды деген жігіттің жалғыз әпкесі.

Мұрат жаппай тәртіпсіздік болар күні жаңа көлік алып, көрші ауылдағы туыстарынан сүйінші сұрауға барған. Алайда сол бойы хабарсыз кетіпті. Әкесі 9 ақпан күні ұлының жоғалғанын айтып, полицияға хабар береді. Ал екі күннен соң Масанчидегі ғимарат қирандыларының астынан бір мәіт табылған-ды. Жақында аяқталған сараптамалардың нәтижесінде марқұмның Мұрат екені белгілі болыпты. 

Қайғыдан қан жұтқан қаралы үй ұлдарының бала күнінен алғыр, оқуда озат болғанын айтады. Сөздерінше, жан баласына жұдырық жұмсап, жаға жыртысып көрмеген.

Марқұмның жалғыз бауыры полицейлер мәйітті сауда орталығын қайта тексеру барысында анықтаған деп отыр. Айтуынша, бұған дейін бірде-біреуі хабарласып, іздеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқандығы жайлы тіс жармапты. Ал кеше полиция бөлімінен інісінің денесін алып кетуге шақырып, қаза тапқан бауырыма жала жауып сөйлеп, тіл тигізді дейді жақыны. 

«Кез келген адамнан сұраңыздаршы, менің інім қандай болғанын. Барлығына көмектесіп жүретін, оны болса ұрлықшы болған, дүкенге ұрлыққа түсіп, сол себепті опат болды деп айыптап отыр», — дейді марқұмның әпкесі Махаббат Масанова. 

Тәртіп сақшыларының ешқандай дәлелсіз күйе жағып сөйлегендері жүрекке салмақ салды дейді әпкесі. Тіпті, олар полицейлердің жұмысына мүлдем қанағаттанбаймыз деп отыр. 

«Әрине, іштей қанағаттанып тұрған жоқпыз. Бірақ енді мұсылман болғандықтан, жан азасын шығарып, денесін жер қойнына тапсырып көнуден басқа амалымыз жоқ. Мені полицейлердің сөзі сендіре алмайды», — дейді марқұмның ағасы Бақтияр Жанышұлы. 

Бақилық болған жігіттің жақындары Мұрат қақтығыс кезінде қанды қылмыскерлердің қашып, сауда орталығына бас сауғалап кірді деп топшылайды. Ал оның басқа ниеті болған деп айту ақылға қонымсыз дейді. Енді олар бауырларының өліміне кінәлі адамдар табылып, лайықты жазасын алсын деп отыр. 

stan.kz