Полицейлер бандасы: ҰҚК елдегі трансұлттық қылмыстық топ жойды (фото)
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі аса қауіпті трансұлттық қылмыстық топты жойды, деп хабарлайды KzNews ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«10 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Семей қалаларында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша ірі ауқымды арнайы операция жүргізді.
Ұсталған топтың 16 мүшесі адам ұрлау, бопсалау, кісі өлтіруге оқталу, Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың бірінен құрамында алтыны бар шикізатты ұрлау және оның ҚР шегінен тыс контрабандасы, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топ құру және оған басшылық жасау айыптары тағылып отыр», делінген хабарламада.
Комитеттің хабарлауынша, қылмыстық топтың құрамына құқық қорғау органдарының әрекеттегі және бұрынғы қызметкерлері кірген.
«Ұстау барысында қаскүнемдерден олардың жасаған қылмыстарын растайтын ірі сомадағы ақшалай қаражат, материалдық құндылықтар, байланыс құралдары және өзге де заттар табылып, алынды. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», делінген хабарламада.