Петропавлда жүргізушілер билікке талап айтты

0

18 қаңтарда Петропавлда Жуков және Қизатов көшелерінің қиылысындағы автотұрақта 70-тен астам шетелдік нөмірі бар көлік иелері жиналды.

Жүргізушілер үкіметтен көліктерді заңдастыру кезінде жеңілдік жасауды талап етті.

— Мен көлікті тамыз айында сатып алдым. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып көлікті қалай тіркеу керек деп сұрадым. Ештеңе керек емес, жүре беріңіз деп айтты. Қазір енді бізді заң бұзды деп айыптап жатыр. Біз салық төлеуден қашып жатқан жоқпыз. Тұрақсыздық айыбын төлеуге қарсымыз. Көлігімді алты мың долларға сатып алдым. Қазір тұрақсыздық үшін 6,5 мың доллар төлеуім керек. Мен сонша ақшаны қайдан табамын? Несием бар. Көлікті тіркеу үшін баламды сатайын ба енді, — дейді жүргізушілердің бірі.

Жүргізушілердің наразылық акциясын жергілікті полиция қызметкерлері де бақылады. Сәлден соң Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің өкілдері келіп, жүргізушілерді ғимарат ішінде сөйлесуге шақырды. Одан әрі қарай жүргізушілер мен полиция арасындағы «диалог» ғимарат ішінде жалғасты.

Наразы жүргізушілер полициядан талаптарын министрлікке жеткізіп, кеден, салық орган өкілдерімен кездесу ұйымдастыруды сұрады.

— Неге мемлекет өз азаматтарына көмектескісі келмейді? Иә, мүмкін біз заңды дұрыс білмей, бұзған шығармыз. Бірақ әр бапты меңгеру мүмкін емес. Бір баптың басқа бапқа қарсы келетіні де бар, — деді шетелдік көлік иелерінің бірі.

Полиция өкілдерімен кездесіп жатқан жүргізушілер. Петропавл, 18 қаңтар 2020 жыл.

Полиция өкілдерімен кездесіп жатқан жүргізушілер. Петропавл, 18 қаңтар 2020 жыл.

— Сіздер қазір көліктеріңізді ұстайды, автотұраққа алып кетеді деп қорқасыздар. Ешкім сіздерге тиіспейді, тоқтатпайды, көліктеріңізді алып кетпейді. Егер жүргізуші жол жүру ережесін бұзбаса, бұл мәселе нақты шешілгенге дейін сіздерге ешкім тиіспейді, — деді жергілікті полиция қызметінің басшысы Айдын Байманов.

Бүгін осыған акция Ақтөбе және Алматы қалаларында да өтті.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді заңдастыруды талап етті

Осы аптада Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қырғызстан мен Арменияда тіркелген көліктерді кедендік тазарту рәсімінен өткізіп, баж салығын төлеп, тіркегеннен кейін ғана пайдалануға болады деп айтқан. Ал тіркелмеген көлік иелеріне айыппұл салынады немесе айыппұл тұрағына көлігі қойылады деп ескерткен. Бұған дейін де жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеу құнының қымбат екеніне шағымданып, тіркеу процедурасын жеңілдетуді талап еткен.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазіргі кезде Қазақстанда шетелдік нөмірі бар 170 мың көлік бар. Олар Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген. Биліктің айтуынша, шетелдік нөмірі бар көліктер тіркелмегендіктен «жауапкершілікті» сезінбейді және жол ережесін бұзса да бақылау камераларына түспейді.

Azattyq