Петропавлда 150 жастағы агава гүлдеді

0
19 Қараша 2018, 13:14 145 0

Фото: Cold Hardy Cactus — Shopify

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл ботаникалық бағында 150 жастағы агава өсімдігі гүлдеді. Қызылжарлықтар өте сирек кездесетін табиғи құбылыстың куәсіне айналды.

Қызметкерлердің сөзіне қарағанда, агаваның жасы боткникалық бақтың жасынан да үлкен. Оны мұнда 1912 жылы ІІ Николай патшаның бұйрығымен Бірінші дүниежүзілік соғысқа қажет зауыт салу мақсатымен келген полковник Ильхам Курапов Санкт-Петербург ботаникалық бағынан әкелген көрінеді. Сол кездің өзінде өсімдік үлкен болған. Араға бір ғасырдан артық уақыт салып, агава гүлдеді.

«Агава гүлдеуге көп уақыт дайындалды. Екі ай бұрын бүршіктене бастады. Енді, міне, гүлдерін де көрдік. Бұл құбылыс ботаникалық бақ тарихында бірінші рет тіркеліп отыр. Аталған өсімдік – Мексиканың символы. Оның шырынын, жапырақтарын пайдалануға болады. Мексикалықтар өз өмірлерін агавасыз елестете алмайтындықтарын айтады екен. Өсімдіктердің гүлденуі ауа-райына байланысты. Оның қашан өсіп шығатынын дөп басып айту қиын. Агава биік болып өседі. 12 метрге дейін жетеді. Оның жақсы өсуіне ауа температурасы 20 градус жылы болуы керек», — дейді ботаникалық бақ қызметкері Наталья Шаль.

Агава бірнеше ай бойы гүлдейді. Петропавл ботаникалық бағында агавадан басқа банан ағашы, юкко жемісі, лавр сынды тропикалық ағаштар өсіріледі.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ