Петицияға қол қою басталды: Дәрігерлер Тоқаевтан Біртановты босатуды сұрады

0

Желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Өтініш авторлары тергеу органдары, прокуратура және судьялар Біртановтың оның кінәсіздігі туралы уәждеріне назар аудармайтынын атап өтті.

«Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз және Елжан Амантайұлын індет кезінде тек құрметпен қарайтын қызметі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, дөңгелек үстелдерге, брифингтерге қатысып, көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты біздің ел де індетке дайын болмағанына ол кінәлі емес және сол кездегі Денсаулық сақтау министрі өзіне тікелей қатысы бар жұмысты дұрыс атқарып, қолдан келгенді жасады», — деп жазылған петицияда.

Мемлекет басшысына жолдаған үндеуде қазақстандықтардың Елжан Біртановтың ісін назардан тыс қалдырмайтынын және экс-министрдің кінәлі екеніне сенбейтіні жазылған.

«Біз сіздің жақсы басшының, дәрігердің, тұлғаның тағдырына бей-жай қарамайтыныңызға сенеміз. Енді сіздің ұжымыңызда қарапайым халық сенім артқан осындай кәсіпқойлар, патриоттар, білікті мамандар болуы керек. Біртановты заңсыз қылмыстық қудалауды тоқтатуыңызды сұраймыз!», — делінген петицияда.

Петицияға қол қою 21 қаңтарда басталды. Қазіргі уақытта оған 2 мыңға жуық қолданушы қол қойған.

Еске сала кетсек, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Біртановтың үйқамақта отырғанына бір жылдан асты. Қылмыстық іс 133 томнан тұрады.