Петербургтегі саммитке Назарбаев барады, Тоқаев Нұр-Сұлтанда қалады

0

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали 20 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше мемлекет басшыларының саммитіне Қазақстан атынан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп хабарлады. Наурыз айында оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев «ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» отырысына қатысуды жоспарлап отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуразия экономикалық одағының бейресми саммитіне қатысу-қатыспауына байланысты сұрақтар түсіп жатыр.
Осыған орай аталған саммитке еліміздің атынан жоғары Еуразия экономикалық кеңестің құрметті төрағасы ретінде бірінші президент – елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысатынын хабарлаймын» деп жазды Құрманғали 19 желтоқсанда кешке Facebook-тағы парақшасында.

Бұған дейін Кремль жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына Ресей президенті Владимир Путин қатысады деп айтқан. Оған Армения, Беларусь, Қырғызстан басшылары да келеді деп хабарланған. Кремльдің хабарлауынша, жұма күні ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының бейресми кездесуі де өтеді.

Қараша айының соңында Ташкентте өткен Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне Қазақстан атынан Назарбаев қатысқан. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған, наурыз айында отставкаға кетіп, бірақ біраз билік тетіктерін уысында ұстап қалған Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін де шетелдік кездесулерге Қазақстан атынан қатысқан.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың Ташкентке сапары қос билік жайлы күдікті қоюлатты

Мамыр айында өткен жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысында Назарбаевқа кеңестің «құрметті төрағасы» атағы берілген.

Azattyq