Павлодардағы музейде «Жастар залы» ашылды

0

Мақсат – өңірдегі  әдебиет және өнер саласында танылып жүрген жастардың  шығармашылығымен  таныстыру.

Алғашқы ашылымда музей қорына жастар 100-ден астам заттарын өткізілген

Әдеби рухани залдың ашылуына еліміздегі «Асыл арна» телеарнасының басшысы,айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков қатысты.

Жергілікті жастардың қатарында республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегерлері Қуанышбек Шарманов, Бейбіт Бөженнің,  республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ақын Жарқынбек Амантайұлы, «Алтын домбыра» иегері, халықаралық, республикалық ақындар айтыстарының жеңімпазы Аспанбек Шұғатаев, ақын, журналист Айбек Оралхан бар.

Сонымен бірге, «Жастар залынан» сатира, әзіл-сықақ жазушы Алпысбай Хонж, «Жас қанат-2017» республикалық байқауының жеңімпазы, эстрада әншісі Мадияр Бахтияров, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Еламан Хасен, актер Болат Қобыланды және ақын Илья Аргентумға да орын берілген.

Музей басшысы Жеңіс Молдабековтің айутынша, бұл музейдің биылғы  «Жастар жылына»  тартуы, бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Яғни, «Жастар залындағы» шығармашыл жастардың экспозициялары 1 жылдың ішінде 3 рет ауысады. Жыл бойы 30-40-қа  жуық әдебиет,өнер саласында танылып жүрген басқа да жастардың жеке заттары, өмірбаяны, шығармашылық жетістіктері көрмеден орын алады.

Бұл үшін музейде арнайы кеңес құрылған. Экспозициясы қойылатын заттар кеңес мүшелерінің ақылдасуымен таңдалады. Алғашқы экспозицияға жастардың пайдаланған заттары, кітаптарының бір нұсқасы, көне қойын дәптерлері, қолжазбалары, дипломдары, естелік суреттері ұсынылды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Дереккөз: http://egemen.kz/