Павлодарда құны 49 млн теңге тұратын «пентхаус» жетім балалар үшін жеті пәтерге ауыстырылды

0
94

Пәтерлер нарықтағы бағадан арзанырақ қаражатқа сатылып алынған.

Бір бөлмелі алты және екі бөлмелі бір пәтердің кілттерін баспана иелеріне қала әкімі Ануар Күмпекеев табыс етті, деп хабарлайды pavlodarnew.kz тілшісі.

Кезекте тұрған жеті адам Қамзин көшесі, 41/1 мекенжайы бойынша бой көтеріп жатқан кешеннен пәтерге ие болды. Олардың ішінде 33 жастағы Елена Бурдуковская мен екі жасар Виктория бар. Елена өз кезегін 14 жыл бойы күткен. Жақсы жаңалықты жеткізу үшін қалалық әкімдіктің қызметкерлері әйел адамды Украинадан тауып алған. Ол Харьковта үлкен әпкесімен төрт жылдан бері бірге тұрып жатыр.

– Өзімнің жеке бұрышым бар екеніне сене алмай тұрмын, – дейді Елена. – Песчан балалар үйінен кейін 2004 жылы баспанасыз қалдық. Өте қиын болды. Барар жеріміз қалмады. Тіпті, саябақта түнеген кездер есімде. Ақсуда аспазшыға оқыдым. Ел қатарлы өмір сүргім келді. Бірақ тұратын орын болмады. Сабақтан кейін саябаққа баратын едім.

Пәтер иесі бір ай бұрын әкімдікке қоңырау шалып, бүгінгі күнге дейін кезекте бірінші тұрса да неліктен әлі баспанаға қол жеткізе алмай жүргенін сұраған. Бұл сауалға әкімдікте енді бір ай күту керек екенін айтқан.

Еске сала кетейік, ТҮКШ бөлімі бюджет қаржысына мемлекеттік қызметкерлер үшін қып-қызыл ақшаға баспана сатып алғаны туралы оқиғадан кейін кезекте тұрған жетім балаларға пәтер алып беру жөнінде шешім қабылданған.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Луначарск көшесінде құны 49 млн теңге тұратын элиталы баспана екі бөлмелі бір пәтерге алмастырылып, жетім балаларға ұсынылды.

«Пәтер 49 миллион 900 мың теңге тұрады. Біз нарықтағы бағасы 51 миллион теңгеге жеті пәтерге ауыстырдық. Пәтерлер нарықтағы бағадан арзанырақ – бір шаршы метрі 185,8 мың теңгеге сатылып алынды», – деп атап өтті қала әкімі Әнуар Күмпекеев.

Шаһар басшысы қалалық бюджетте қаржының жетіспеуіне байланысты алдағы үш жылда Павлодарға басқа өңірлерден келетін мемлекеттік қымзетшілер үшін енді пәтер сатып алынбайтынын мәлімдеді. Десе де, баспана алу үшін кезекте 15 шенеунік тұр. Оның ішінде Әнуар Күмпекеев те бар. Ол журналистерге жалдамалы баспанада тұрып жатқанын атап өтті.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/