Павлодарда мекеме басшысы қол астындағы қызметкер жұмысқа 10 минут кешіккені үшін мұрнын бұзған

0

Қатал бастық қызметкердің бетін көгертіп, денесіне түрлі жарақат салды. Қазір оның бұл әрекетін сот қарап жатыр.

Юлия Пузина фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Оның спорт кешенінде еңбек еткеніне 13 жылдан асқан. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет ескерту алмаған қызметкер сол күні 10 минутқа кешіккен. Сол үшін басшысы жаттықтырушыны кабинетіне қуып барып, соққының астына алды.

“Кабинеттің есігін тарс жапты да, мені жұдырықпен бетімнен ұрды. Қатты соққыдан есімді жоғалтып ала жаздадым. Теңселіп, әрең дегенде өз-өзіме келдім. Сосын маған түрлі балағат сөздер айтып, бұл жерден тірі кетпейсің деп айғайлады. Жұдырығы мұрныма тиіп, қан кетті”, – жәбірленуші Юлия Пузина.

Соққының салдарынан әйелдің миы шайқалып, бетінің жақ сүйегі көгерген. Аяғында да жарақат іздері бар. Қазір аталған іске байланысты мекемеде қызметтік тексеру басталды.

“Мекемеде аталған іске байланысты арнайы комиссия құрылды. Олар жаттықтырушыны соққыға жығу дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізеді”, – деді жоғары спорт шеберлік мектебінің заңгері Мақсұт Байғабылов.

Ал жұмысшының құқығын қорғайтын еңбек басқармасы зардап шегушіге тек заңдық тұрғыдан көмек көрсете алатындарын айтады.

“Бұл кәсіпорын шағын бизнес нысанына жатады. Сондықтан оған тексеру жүргізе алмаймыз. Президент жарлығымен тексеру жүргізуге мараторий жарияланған. Сол себепті зардап шегушіге тек құқықтық көмек бере аламыз”, – дейді Павлодар облыстық еңбек басқармасының бас маманы Ербол Сайфуров.

Зардап шеккен жаттықтырушы уақытша жұмысқа жарамсыз. Ол бастығы жауапгершіліктен құтылып кете ме деп алаңдайды.