Павлодарда еркек төрт қызды зорлап тастаған
Павлодарда жасөспірім мен тағы үш кәмелет жасына толмаған қызды зорлау ісі бойынша алқабилердің қатысуымен сот отырысы өтті. Халықтан сайланған судьялар айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деген шешімге келген. Нәтижесінде ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Павлодар облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты.
Сотта ер адамның 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін жасөспірім қызды зорлады деп айыпталғаны айтылған. Одан бөлек тағы үш кәмелет жасына толмаған қыз айыпталушының құрбаны болған. Күдікті қолға түскеннен кейін оның гаражынан қару-жарақ, ал үйінен есірткі табылған.
Сотталушыға үкімді судья Қадырбек Сатабаев оқыды. Айыпталушы бірнеше бап бойынша әртүрлі жазаға кесілді. Бірақ қорыта келе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілген.
Сонымен бірге үш жәбірленуші моральдық шығын ретінде әрқайсысы 5 миллион теңгеден өндіру туралы арыз берген. Сот олардың өтінішін толық қанағаттандырды.