Павлодар облысындағы аудан мен ауыл атаулары қазақшаланады

0
92
Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

189 0 0

Шарбақты ауданында бірқатар елді мекеннің тарихи атауы қайтарылады

АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. Павлодар облыстық мәслихатына Шарбақты ауданының және ауылдарының атауларын өзгерту жөнінде ұсыныс жолданған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында аудан әкімі Әзілхан Әбеуов мәлім етті.

«Шарбақты ауданы орталығының атауы құжат бойынша «Шарбақты» деп аталса, аудан атауы «Щербакты» деп аталады, –  деді Әзілхан Әбеуов. – Екеуі неге екі бөлек болып қалғанын білмеймін. Сондай-ақ ауданымызда 11 ауылдық округ бар болса, оның үшеуінің ғана атауы қазақша. Қалған сегізінің, яғни 72 пайызы орыс тілінде. Менің қарсылығым жоқ. Алайда, ол атаулардың мағынасы жоқ. Мысалы, Татьяновка ауылы бар. Ол кім болған, қандай еңбек сіңіргені бізге беймәлім».

Оның айтуынша, Галкино ауылына қатысты жағдай да дәл солай. «Галя» деген сөзден шықты ма, әлде басқа мағынада аталды ма белгісіз.

«Біз қазір тарихи атаулар іздестіріп жатырмыз. Бұл жұмыстың барлығы жергілікті тұрғындармен, ақсақалдармен ақылдасу арқылы атқарылуда. Өзіне лайық тарихи атау бергіміз келеді. Қазір ауыл әкімдеріне «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында қысқаша бейнежазба немесе вайн жасауға тапсырма берілді. Сол бейнежазба арқылы өз ауылдарының атын танымал етулері керек», — деп толықтырды әкім.

Аудан басшысының айтуынша, қазіргі уақытта аудан атауын «Шарбақты», Галкино ауылын – тарихи атауы «Басқұдық», Арбиген ауылын «Арбаиген» деп өзгерту жөнінде облыстық мәслихатқа ұсыныс жіберілген. Мәселе қарастырылып жатыр.

Әзілхан Әбеуов соңғы екі жылда Шарбақты ауданында 31 көшенің атауы өзгергенін де атап өтті, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

«Көше атаулары бойынша үлкен жұмыс атқарып жатырмыз, — деді аудан әкімі. – Ауданымызда 30-дан астам ұлт өкілдері бар. Бәрінің құқығын бұзбай, ақылдасып шешіп келеміз. 2016 жылы – 18, 2017 жылы – 10, 2018 жылы – 3 көшенің атауы өзгертілді. 2019 жылы да осындай жұмыстар жүргізіледі. Мен өзім қадағалаймын. Сонымен қатар, Шарбақты ауданында ауылдарды біріктіру жұмысы да жүргізілмек. 11 ауылдық округтің төртеуі біріктіріліп, жеті округ қалады. Оның әрқайсының тұрғын саны 2 мыңнан асады».


Дереккөз: https://sputniknews.kz/