Павлодар облысында медбикеге тиіскен депутат жазаланды

0
141

Павлодар облысында сот медбикеге тиіскен дәрігер-депутатқа айыппұл салды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Оқиға Баянауыл аудандық ауруханасында болған. Күндізгі стационарға емделуге келген 59 жастағы дәрігер инъекция салған медбикенің палатада жалғыз қалғанын пайдаланып, тиісе бастаған.

Медбике сотта ер адам оның арқасынан, белінен және ішінен сипалағанын, кейін оны итеріп жіберіп жылап қашқанын айтқан. Медбике оның кешірім сұрағанын телефонға жазып алып, содан кейін полицияға арыз жазған.

Сот отырысында дәрігер әзілдесіп, абайсызда қолымен түртіп алған болуы мүмкін екенін айтып, кінәсін мойындамаған.

Алайда сот ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық, яғни жеке тұлғаларды қорлау» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Айппұл көлемі 15 315 теңге.

Ер адам сот шешіміне шағым түсірмек болған, бірақ апелляциялық сот оны қолдамады.

Айта кетейік, құқық бұзушы Баянауыл аудандық мәслихатының депутаты, «АМАНАТ» партиясының мүшесі.

«Келесі сессияда осы депутаттың мәселесін қарастырып, шешім шығаратын боламыз. Бұл біздің күн тәртібімізде бар. Байсалды, ешкімге зияны жоқ адам сияқты көрінген. Ол қыздың әкесіндей емес тіпті атасындай адам. Ұят», — деп түсіндірді Баянауыл аудандық мәслихатының хатшысы Темірболат Қасен.