Партияның басты күші – бастауыш партия ұйымдары

0

Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық ұстанымының дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Әрі бұл ұстаным нақты істерімен дәлелденуде. Әсіресе, Бастауыш партия ұйымдары (БПҰ) – «Нұр Отанның» негізгі тірегіне, шынайы күшіне айналды. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларын, басқа да бағдарламаларын жүзеге асыруда БПҰ-ның рөлі ерекше екенін әрдайым айтып келеді. Осы ретте азаматтармен тікелей жұмыс істеп отырған «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Орталық» БПҰ төрағасы Руслан Сайлаубаевпен әңгімелескен едік.

– Руслан Бахытұлы, өзіңіз басқарып отырған «Орталық» бастауыш партия ұйымы 2016 жылғы «Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының облыстық және республикалық кезеңінде бас бәйгені жеңіп алды. Еселі еңбек жолындағы іс-тәжірибелеріңізбен бөліссеңіз.

– Елбасы партияға үміт артып, өз бастамаларына қолдау көрсетіп, халық игілігіне жұмыс жасайтынына зор сенім білдіріп отыр. Шәкәрім атамыз айтқандай, «Бар ғылымның түп атасы – таза ақылмен ойлану» деп, ендеше осындай сенім үдесінен шығып, халықты түзу жолдан тайдырмай ұлы көшті басқарып отырған Елбасының әр ісіне таза ақылмен, адал еңбекпен қарап келеміз. Иә, ол жеңісіміз бізге күш берді. Ынталандырды. Алдағы уақыттағы мақсатымыз – осы үрдісті табысты жалғастыра отырып, еліміз үшін аса маңызды қоғамдық жұмыстың белсенділігін арттырып, туған Отанымызға адал қызмет ету.

Бүгінде «Орталық» бастауыш партия ұйымының 10 партиялық тобында 482 партия мүшесі есепте тұрады. Олардың басым бөлігін – білім, денсаулық, қызмет көрсету салалары мен мемлекеттік қызметшілер құрайды.

БПҰ-ның күнделікті қызметімен қатар, өз алдына дербес партиялық кабинеті үлкен әсер етіп отыр. Кабинетте дайындық жұмыстарын жасауға мүмкіндік туып, халықтың көптеп келетін орнына айналды. Ал, бұл мәртебесі жоғары партиялық байқау, бастауыш партия ұйымының жұмысына жаңа серпін беріп, тың идеяларды іске асыруға мол мүмкіндіктер бергенін ашық айтуымыз керек. Сондай-ақ, бүгінде іске асырылып жатқан партияның 22 бастамашыл жобалары қатарындағы «Қазақстан кітапханасы» жобасы аясында жақында Жуалы ауданында алғашқы болып «Коворкинг» орталығы ашылып көпшілік игілігіне берілді. Мұндағы ең басты мақсат – жергілікті тұрғындардың, оның ішінде жастардың кітап оқу мәдениетін орнықтыру және басқа да шығармалардың қолжетімділігін қалыптастыруға бағытталды.

– Партиялық жобаларды жүзеге асыру жолында атқарған жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Елбасының «Нұр Отан» партиясын жаңғырту тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы даярланды. Біз де осы ретте партиялық кадрлармен жұмысты күшейтіп, жергілікті өкілдік органдарында партияның рөлін арттыру, оның жалпыұлттық күн тәртібін құруда белсенді түрде араласуын қамту, партиялық технологияларды жетілдіру, жастармен белсенді жұмыс жүргізу және партиялық білім сапасын арттыру мәселесімен айналысудамыз. Рас, бүгінде ол бастауыш партия ұйымдары партияның ірге тасына, басты күшіне айналды. Қазіргі күні партия қолға алған ІТ-сыныптар мен ІТ-орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына бастауыш партия ұйымдары белсенді атсалысып келеді.

Осындай сара шешімдердің арқасында бүгінде бастауыш партия ұйымдары – әрқашан елімен бірге жүретін, халықпен тығыз жұмыс жасайтын саяси ұйым деңгейіне көтерілді. Өйткені, бастауыш ұйымдардың жұмыс белсенділігі артқан сайын партияның беделі мен мәртебесі де одан әрі өсе түсетіні ақиқат.

Мен жетекшілік ететін партияның Жуалы аудандық филиалына қарасты «Орталық» бастауыш партия ұйымы даңқты командир, батыр Бауыржан бабамыздың киелі мекені болған қасиетті Жуалы еліндегі барлық істің алдыңғы қатарында келеді. Бүгінде ауданымыз 52 мыңға жуық халқы мен 49 елді-мекеннен тұратын өлке – аграрлы аудандар қатарына кіреді.

«Орталық» БПҰ-ы Партияның Сайлауалды бағдарламасы мен бастамашыл жобаларын іске асыруда белсенді позиция ұстанып келеді. Мысалы, 2018 жылдың 7 айында тек қана партиялық жобалар аясында 35 іс-шара өткізіліп, оған 5000 жуық адам қатысты.

– Биыл «Нұр Отан» партиясының жаңғыруы аясында Шымкент қаласында алғаш рет «Бастауыш партия ұйымдарының» аймақтық форумы өтті. Онда қандай мәселелер көтерілді?

– Елдің бірлігіне, тұрақтылығына атсалысатын «Нұр Отан» партиясы бүгінде ел аумағында атқарылып жатқан барлық іргелі істерге ұйытқы болуда. Шыны керек, партиямыз мемлекеттік бағдарламалардың толыққанды іске асуына, сапалы, тиянақты орындалуына бақылау жасау арқылы қозғаушы күшке айналып отыр. Түрлі әлеуметтік-экономикалық жобалардың басы-қасында болған саяси ұйымның жұмысын оң бағалаған халық бағыты айқын «Нұр Отанның» болашағы жарқын екеніне сеніммен қарауда. Қазіргі таңда барша қазақстандықтар өздерінің кемел келешектерін «Нұр Отанмен» байланыстырады. Ал, оның айқын көрінісін «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық «Орталық» бастауыш партия ұйымдарының жұмысынан көруге болады.

Бұл форумға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан ірі бастауыш ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум барысында «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы ұсынылды. Тұжырымдаманың мақсаты – жүйелік партиялық жаңғыртудың міндеттерін ескере отырып бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру болып табылады.

Елдегі 5 мыңнан астам бастауыш партия өкілдері жиналған форумда мемлекеттік бағдарламаларды  жергілікті жерлерде  орындалу  жолдары талқыланды. Елбасының әлеуметтің әлеуетін көтеретін шараларын халыққа тікелей жеткізу жағы  да  жоспарланды.

– Форум барысында өзіңіз сынды бастауыш партия ұйымы төрағалары үшін арнайы тренингтер де өткізілді ғой.

– Иә, бастауыш партия ұйымы төрағалары үшін саяси менеджмент академиясының оқытушылары, танымал тренерлер мен саясаттанушылар «Сөз сөйлеу шеберлігі», «Саяси коммуникация» сынды маңызды тақырыптарда тренингтер өткізді. Маған қатты ұнады. Сндай-ақ, секция отырысында партияның кадрлық резерві бойынша секция отырысына қатысып, ондағы түрлі қоғамдық салада жетістікке жеткен партия мүшесіне мансаптық өсуге мүмкіндік берілгені ерекше есте қалды. Себебі бүгінгі таңда белсенді жастар үшін бұл аса зор мүмкіндік болып табылады. Әрбір партия мүшесінің жауапкершілігін арттыра отырып, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруды мақсат еткен көшбасшы партия халықты сауаттандыру бойынша ауқымды жұмысқа кіріскені анық. Бүгінде әрбір партия мүшесі өзінің жұмысқа деген ынтасы, қабілеті арқылы  жаңа қызмет орындарына ұсыныла алады. Өзім де белсенділік танытып, адал жұмыс істегендіктен осындай жауапкершілікті сезініп жүрмін. Жастардың  тұрақты жұмысқа орналасуына қолымыздан келгенінше  көмек көрсетудеміз. Олардың бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасап жатырмыз. Осы бағытта қадам жасасақ кезеңімен барлық жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

– Өтініштердің дені қандай әлеуметтік мәселелерге байланысты болып келеді? Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету жайы қалай?

– Елбасы жаңа жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет құрудың жаңа моделін ұсынды. Соның ішінде жастарға үлкен міндет жүктеліп отыр. Өйткені, Президент «Жастар – ел болашағы» дегенді айтудан жалықпайды. Ал, Қазақстанның алдағы дамуы, осы реформалардың орындалуы тікелей жастардың қолында. Сондықтан, бүгінгі жастар, білімді, жаңа технологияларды жіті меңгерген кәсіби маман болуы қажет. Ол үшін мемлекет барлық жағдай жасап отыр. Жақында ғана Партияның Жуалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында және Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың орындалуы бойынша аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері жұмыссыз жастармен кездестік. Жиынға аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері,  БПҰ төрағалары, жергілікті атқарушы билік органдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жұмыссыз жастар, БАҚ өкілдері қатысты. Фракция мүшелері жұмыссыз жастарға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Елбасы жолдауын насихаттады. Кездесуде «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру, жұмыссыз жастарға қайта даярлау шарттары, тегін кәсіби білім алу туралы көптеген пайдалы кеңестер мен ақпараттар берді.

Өткен жылы бастауыш партия ұйымына өз өтініштерімен келген 15 ауыл халқы өтінішінің 9-ы, ал 2018 жылдың 9 айында өткізілген 10 қоғамдық қабылдауда болған 20 ауыл тұрғынының 16 өтініші оң шешімін тапса, қалғандарына заң шеңберінде түсініктемелер берілді. Өтініштердің басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік және жұмысқа орналастыру мәселелері.

Жастар бүгінгі қоғамның ертеңгі көрінісін қалыптастыратынын ескерер болсақ, Елбасы өскелең ұрпақты рухани бай, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу маңызды іс екенін баса айтады. Бұл бүтін қоғам болып бірігіп, жұрт болып жұмыла атқаратын міндет екенін баршамыз сезінгеніміз абзал.

Қазіргі таңда жастар үшін ең маңызды мәселе – жұмысқа орналасу мәселесі. Еңбек нарығын жаңғырту мақсатында Елбасымыз өз Жолдауында жұмыскерлердің жаңа заман салаларының мамандықтарына көшуі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндетін қойды. Осыған орай, Президент еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу қажеттілігін атап өтті. Мұндай Жол карталары жұмыс берушілердің қысқартылған жұмыскерлерді қайта дайындау және жаңа жұмысқа орналастырудағы міндеттерін айқындап көрсететін болады.

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН

Дереккөз: Айқын