Парламенттегі 40 пайыз әйелдер отбасымызды ойрандар ма екен?!
Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылғалы ұлтты ірітумен, отбасы институтын жоюмен айналысып келеді.
Қазақстандағы гендерлік саясаттың басы-қасында жүрген «көсемсымақ» әйелдердің «Норвегияда әйелдердің 40 пайызы билікте отыр. Сондықтан Норвегияны біздің елге үлгі етуіміз керек» деп, т.б. жалаң, көпірме сөздермен ақпарат көздерінде оңды-солды сұхбат беріп, халықты шатастырып, кертартпа идеологияларымен енді-енді есін жиып, етегін қымтай бастаған әйелдерді теріс жолға үндеп, «тамаша заман орнайды» деген сықылды бос сөздермен бөсуін қояр емес. Рас, Норвегияда 40 пайыз әйел билікте, норман әйелдерінің 50 пайызы ажырасқан, бала тумайтын, туса да, кімнен туғанын білмейтін, «өзім үшін туғанмын» дейтін, бір жынысты үйленгендер, өмір бойы байға тимей, ит, мысық, жануарлармен өмір сүретін жандар жеткілікті. Ұлт азғындыққа ұшыраған.
Тәуелсіздік алғаннан соң, біздегі билік үшін арын сататын, ажырасқандар, байсыз бала тапқандар, өмір бойы байға тимейтін, жеңіл жүрісті, баланы бақытым деп санамайтындар гендерлік «азғындық» саясатын қолдайтын әйелдерге айналды. Шетелдік гендерлікті дәріптеп, заңға айналдыратын ұйымдармен ауыз жаласқан олар «біз қалайда гендерлік саясат заңын 2006 жылдан 2016 жылға дейін толық қабылдап үлгеруіміз керек» деп, алдарына міндет қойды. Ол міндетті де 200 пайызға орындап шықты. Енді соңғы міндеттері – отбасы институтын жоюды қолға алды.
Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітіп, жанталасып іске асырып жатқан бұл заңдық құжатта: «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады. Осылайша заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас процесі болып табылатыны айқын» деген сияқты былдыр-батпақ дүмше сөйлемдерді жазып қойып, адамдық ар-ожданды белден басып, надандықпен желіп келеді. 2030 жылы қазақ халқының заңды түрде толық жойылуға бет алатын қаралы жыл басталады. Барлық мемлекеттік органда гендерлік саясатты іске асыруға жауапты тұлғалар белгіленді. Міне, белгіленген жауларымыздың ісі.
Осындай зұлым, сайқал саясатпен көмкерілген тұжырымдама тек қазақ емес, Қазақстанда тұратын (ұлтына қарамастан) бүкіл отбасына төнген қауіп-қатер. Зорлық-зомбылық заңы, біріншіден, баланы ата-анасынан, екіншіден, ата-әжесінен айырады. Үшіншіден, ағайын-туыстан айырып, нағашы-жиен, бөле, жекжат, құда-құдағидан айырып, құйрық-бауыр жеу, үйлену тойынан, шілдехана, тұсаукесер, бесік той атымен жойылады. Ата-анасынан айырылған бала ұлттық салт-дәстүрде қазақ болып тәрбиеленеді деп ойлайтын адам – нағыз надан адам.
Бірде Норвегия еліндегі Рогаланд қаласының кәсіптік білім беру орталығының атқарушы директоры Оле Имсланд мырзадан «Қазақстанда да осындай қайғы-қасірет болмас үшін не істеу керек?» деп сұрағанымда:
– Ұлттық салт-дәстүрді сақтау. Немерелері міндетті түрде ата-әжесінің тәрбиесінде болу керек. Немерелерінің бойына ұлттық дәстүрді, намысты сіңіретін осылар. Бізге ұқсап, «жаңа қоғам құрамыз» деп жүріп, жолдан адасып, жоқ болып кетіп жүрмеңдер. Тіл, діл, дін, ұлттық мәдениетті, тарихыңды сақтау арқылы халық болып қаласыздар. Әсіресе ән-күй, ұлттық өнерлеріңізді көріп, риза болған әсерімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. «Сарыарқа», «Адай» күйлерін естігенде Сарыарқаның сар даласында ауыздықпен алысқан, арғымақтарын ойнатқан қазақтар көз алдыма келеді. Мұндай мәдениет жоғалмауы тиіс. Жоғалтсаңыздар, болашақ ұрпақ алдында кінәлі боласыздар.
Осыдан үш ай бұрын Шымкент өңіріне жолым түсті. Олар басқа облыстарға қарағанда жақсы дамып келе жатқанын көрдім. Іскерлік жағы, ұлттық құндылықтарды сақтау жағы маған қатты әсер етті. Өз ұлтын сүйетін маман әрқашан өмірге саналы көзқараспен қарайды. Біз ұлттық мәдениеттен мақұрым қалдық. Түсініксіз еуропалық мәдениетпен сусындап отырмыз. Ешкімге жалтақтамай, ешкімнен көшірмей, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып Қазақстан өз жолымен жүрсе, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылатынына кәміл сенемін. Гендерлік саясат заңының кесірінен елге де, билікке де, ешкімге керегі жоқ, «әлемдегі ең дамыған мемлекетпіз» деп мақтанатын АҚШ-тың көшелерінде үйсіз-күйсіз, қаңғыбас қайыршылар толып жүр. АҚШ немесе Еуропа елдерінің саясатын да, заңын да, экономикасын да көшіріп алудың керегі жоқ, өз жолдарыңыз болсын, – деген еді.
Еуропа қоғамындағы әйелдердің рухани қоғамға осынша өштесуінің бір себебі – христиан дініндегі сенім бойынша Адам атаға тыйым салған жемісті жегізіп, бүкіл адам баласын жұмақтан шығарып, олардың жер бетіндегі барша күнәларына себепкер болған Хауа ана болғандықтан, христиан еркектері әйелдерді «қарғыс атқыр», «бақытсыздық әкелуші» деп атап, екі мың жылға жуық оларды кемсітті, қорлады, құқығын аяқасты етті. Рим, Париж, Лондон т.б. ірі қалаларда шіркеу қызметкерлері «денелеріне шайтан кірген», «мыстандарды аулаймыз» деген желеумен жүз мыңдаған әйелдерді ұстап, көшенің орталық алаңдарына әкеліп тірідей өртегенін есептесек, Еуропа әйелдері үшін гендерлік заңы, әрине, үлкен жетістік. Сондықтан Еуропа әйелдері еркектеріне өлердей өш болып, тұқымдарын жойып отыр. Ал жаратылысынан қазақтар әйелді ана деп ардақтап, балбал тастардан мүсінін жасап, сыйынып отырды. Қазақ еркектері оларды өртеп, еуропалықтарға ұқсап қорлаған емес.
«Сіз де ертең қартаясыз, балаларыңызбен бірге тұрасыз ба?» (бұл сұрақ ол үшін ауыр, ойланып тұрып қалды – автор) деген сұраққа Оле Имсланд мырза: «Біздің дамыған қоғамның ең жаман жері – осы. Әркім өзі үшін өмір сүреді, ешкімді керек қылмайды. Бірақ біз балаларымыздан оны талап ете алмаймыз. Мені өздерімен тұруға алатын шығар деп армандаймын». (Көзінде терең мұң тұрды. Оның жүзіне көзім түсіп, жүрегім ауырды. Біздің гендерлік саясат үшін күресіп жүрген әйелдер қартайғанда дәл осылардай болатынына кәміл сенемін – автор).
Парламенттегі 40 пайыз әйел депутаттар атқа қонып, Қазақ елінің басына төнген алапаттан құтқару үшін 2030-ға дейін бекітілген тұжырымдаманың күшін жоюы тиіс. Жоя алмаса, өздерімен бірге халықты құрдымға алып кетеді.