парамен ұсталған жоғары лауазымды шенеуніктер
АСТАНА, 27 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Тағы бір жылдың тарих қойнауына еніп, төрімізге келер Жаңа жылға да санаулы күндер қалды. Барша халықтың Жаңа жылдан жақсылық күтіп, оны ерекше салтанатпен, үлкен қуанышпен қарсы алатыны сөзсіз. Өткен жылдың да жанды жылытып, төбені көкке жеткізген, сондай-ақ, жүректі қарып өтіп, көңілге кірбің түсірген сәттері болғаны анық. Оның ішінде жемқорыққа жол беріп, парамен ұсталған оқиғалар жетерлік. Осы орайда, Sputnik Қазақстан тілшісі 2018 жылдың парақорларын еске түсіруді жөн көрді.
Полицейлер кінәсіз әйелден 30 мың доллар ақша талап еткен
Қазақстан жұртын кінәсіз әйелден пара талап еткен полицейлердің әрекеті қынжылтты. Бізді қорғайды деп сеніп жүрген азаматтар әйелдің еш кінәсі жоқ екеніне қарамастан, одан үлкен сомада ақша сұраған. Оқиға 2017 жылы полиция қызметкерлері Алексей Григорьев пен Азамат Нұрболатовтың әйелге қатысты қылмыстық тергеу амалдарын жүргізуден басталған. Әйелдің заңды бұзбағанын біле тұра, полицейлер қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін одан 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара талап етеді.
Әйел әртүрлі сылтаумен уақытты созып, қараша айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің көмегіне жүгінеді. 6 желтоқсанда полицейлер әйелден параның бір бөлігі — 2 миллион 100 мың теңгені (6 мың доллар) алып үлгереді. Осы уақытта Нұрболатов әйелге қатысты қылмыстық тергеуді тоқтату туралы қаулыға басшылыққа қол қойғызып алған.
Осыдан кейін қалған ақша — 24 мың долларды алу барысында парақор полицейлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ұстайды.
Тағы оқыңыз: Екі қазақстандық прокурор пара алғаны үшін ұсталды
Сотта полицейлер кінәсін мойындаған жоқ. Григорьев әйел өздеріне қастасып, болашақта былықтарын ашады деп қорыққандықтан осы жолмен түрмеге отырғызбақ ниетте екенін айтып ақталды.
Алматы қаласының соты майор мен подполковникті сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
17 миллион пара алған директор терезеден секіріп кетті
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті ұстаған «Қазводхоз» РМК Алматы филиалының директоры Сейілхан Мұхамадиевтің жағдайы өзіне ауыр соққы болып тисе керек. Себебі директор департамент ғимаратында тұрып өмірімен қош айтысты.
Ол 17,4 миллион теңге көлеміндегі заңсыз сыйақыны немесе мемлекеттік сатып алулар келісімшартының 10 процентін орындалған жұмыстар туралы актіге қол қойғаны және қосымша келісім үшін мердігер кәсіпорыннан алған.
Мұхамадиев осы соманың бірінші бөлігін — 2 ақпанда қалтасына басып, кейін қалған 400 мың теңгені алып жатқанында ұсталады.
3 ақпанда Мұхамадиев жедел тергеу іс-қимылдарынан кейін ұлттық бюроның Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратына жеткізіледі. Осы жерде терезеден секіріп кеткен ол жарақаттары тым ауыр болып, жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.
Оқыс жағдайдан кейін Талдықорған қаласының ішкі істер басқармасы қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлімі (өзін-өзі өлтіруге жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын тағайындады. Сондай-ақ ұлттық бюроның ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексерісті бастады.
Энергетика вице-министрлері пара алудан «жарыс ұйымдастырды»
ҚР энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков «Аймақ» ЖШС мердігерлік кәсіпорнының басшысы Дуанбекпен сыбайласып, Щучинск-Бурабай демалыс орнындағы көлдерді тазартуға бөлінген бюджеттік қаражатты ірі көлемде жымқырғаны үшін ұсталды.
Қылмыстық схемаға энергетика министрлігі департаментінің басшысы Жан Нұрбеков пен мердігер кәсіпорынның өкілдері Жұмалинов және Қадірберлин араласқан.
Ұсталған Сәдібеков ұлғайтылған жұмыстардың көлеміне 3,6 миллиард теңге төлеу туралы актіге қол қойып, осы соманың миллиардтан астам бөлігін жымқырған. Ақша тінту жұмыстары барысында табылды.
Осылайша ұлттық бюро 2018 жылы көлдерді тазартуға бөлінген 1,5 миллиард теңгені жымқырудың алдын алды. Сәдібеков, Нұрбеков, Дуанбек, Жұмалинов пен Кәдірберлин ұсталғаннан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда жемқорлыққа қарсы қызмет офицері парамен ұсталды
2 наурызда Алматы ауданы №2 соты Ғани Сәдібековты екі айға қамауға алу шешімін шығарды. Кейін күдіктіні үйқамақта ұстау мерзімі ұзартылды.
Ал маусым айында тағы бір энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің Бурабайдағы көлді тазарту жұмыстары кезінде сыбайлас жемқорлыққа барғаны анықталды. Кейін вице-министр үйқамаққа алынды.
Вице-министрге 2015 жылы «Аймақ және К» ЖШС мердігерлік ұйымының мүддесі үшін лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр. Жақсалиев орындалған жұмыстың көлемі 30 есе артық бағаланғанын біле отырып, жалпы сомасы 863 миллион теңгені құрайтын су қоймасының түбінен 109 мың текше метр шөгінділерді алу туралы актілерге заңсыз қол қойған. Кейін мердігерлердің есепшотына ақша аударған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, орындалмаған жұмыс құны 746 миллион теңгені құрағаны белгілі болды. Яғни бюджетке осы көлемде шығын келіп отыр.
Жақсалиевтің орнына келген Анатолий Шкарупа бір ай өтер-өтпестен ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Кейін оның 2015 жылы Саран қаласының әкімі болған кезде сыбайластырмен бірге 215 миллион теңге қолды еткені белгілі болды.
Астана қаласы ауданаралық мамандандырылған соты энергетика министрінің орынбасарын тұтқындауға санкция берді. Осы санкцияға сәйкес, шенеунік 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін екі ай уақыт қамауда болады.
Анатолий Шкарупамен бірге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы мен «ENERCO» ЖШС директоры Ерлан Набиев қамауға алынды.
Орынбасарына бола департамент басшысы қызметінен кетті
Түркістан облысы департаменті басшысының орынбасары қылмыстық схема құрып, оған өзіне бағынатын төрт кеден жетекшісін тартқан. Осылайша кәсіпкерлерден сыртқы экономикалық жұмыстарына көмектескені үшін жүйелі түрде пара алып отырған. 2017-2018 жылы алынған параның жалпы көлемі 1,2 миллион АҚШ долларын құрайды.
Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметшілерге қандай сыйлық жиі беріледі
Орынбасары ұсталғаннан кейін Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы өз еркімен қызметінен кетті. Алтынсары Үмбетәлиев мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам уақыт істеген.
Бұл жағдайды департамент хабарлама таратып, келесідегідей түсіндірді: «Басшы өзінің қарамағындағы қызметкерлеріне моральдық тұрғыда жауапты. Ол өзіне бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінуіне байланысты облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы лауазымын босатуды өзінің азаматтық борышы деп есептеді».
Пара алған директор 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақмола облысы Бурабай демалыс орнында республикалық мемлекеттік санаторийдің экс-директоры пара алғаны үшін сотталды.
Бурабай ауданындағы «Бурабай» республикалық реабилитация орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры 2018 жылы мамырда мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес «Бурабай» орталығындағы науқастарды тамақпен қамтамасыз ету бойынша жеке кәсіпкерлікпен 105 миллион 304 мың 775 теңгеге келісімшарт жасасады. Алайда санаторий басшысы тендер жеңімпазына жалпы соманың 10%-ін беріп отыру туралы шарт қояды. Кәсіпкер әйел әртүрлі сылтау айтып, бұл пара көлемін 5%-ке дейін төмендеткен.
Орталық басшысы мен оның орынбасары әйелден ақша алу үшін оны Щучинскідегі дәмханаға шақырып, ойын-сауық орнына Lexus LX470 көлігін мініп келген. Кешкі ас ішіп болғаннан кейін басшының орынбасары пульт арқылы көліктің есігін ашып, әйелден 5 миллион теңгені көліктің артқы орындығына апарып қоюды сұрайды. Осы сәтте оларды жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкерлері қолға түсірген.
38 жастағы директор өзінің кінәсін толықтай мойындап, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетілді. Бұдан өзге сот бақылаудың әлсіздігі мен жемқорлықтың алдын алу шараларының жоқтығына байланысты денсаулық сақтау министріне де жеке қаулы шығарды.
Аға тергеуші 15 мың доллар талап еткен
11 тамызда Астанада экономикалық тергеулер қызметінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі парамен ұсталды. Ер адам алдын ала келісім бойынша 15 мың доллар параның бес мың долларын алып жатқан жерінде қолға түскен.
Тағы оқыңыз: Жетісайда үш миллион теңгеге дәретхана салған әкім парамен ұсталды
Компания директоры бұл ақшаны аға тергеушіге ақша жымқыру ісі бойынша қылмыстық қуғындауды тоқтату үшін бермек болған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы отставкаға кете ме?
26 қазан мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары ұсталғанын хабарлады.
Кейін мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев мен әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Олар мердігерлік ұйымның басшысынан мемлекеттік сатып алулар шартын жасау және жалпы қамқорлығы үшін пара алды деген күдікке ілінген.
Сот санкциясымен әкімшілік департаментінің директоры үйқамаққа алынған, ал жауапты хатшыға қатысты 6 миллион теңге көлемінде кепіл бекітілді, ол лауазымынан уақытша шеттетілді.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі ведомствоның лауазымды тұлғалары ұсталды деген мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне қатысты түсініктеме беріп, тергеу амалдары бітпейінше ешкімді айыптамауға шақырды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда барлық қызметкердің жұмыс орнында екенін жеткізді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кезегінде «ұсталған қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетесіз бе?» деген сұраққа нақты жауап бермеді.
«Біз баспасөз мәслихатында ресми түрде өзіміздің көзқарасымызды білдірдік. Басқа алып қосарым жоқ. Ол (министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев — Sputnik) 10 күнге демалысқа шығуға өтініш жазды. Біз заң аясында жұмыс істейміз», — деп қысқа қайырды министр үкімет кулуарында.
Әке мен ұлы бірге жазаланды
Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы атқарылған жұмыс туралы актіге қол қойғаны үшін мердігер ұйым жетекшісінен 5,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Тергеу жұмыстары барысында параны облыстық мәслихат депутаты мен оның ұлы бергені белгілі болды. Басқарма басшысы ұсталып, абақтыға қамалды. Пара берді деген күдікпен депутаттың ұлы да ұсталды. Ал әкесі денсаулығы сыр беріп жүргендіктен түрмеден босатылды.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/