Пәкістанда жарылыстан екі адам мерт болды

0

Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Кветта қаласында базарда бомба жарылып, екі адам қаза болды. Кемінде 16 адам жараланған.

Жергілікті билік өкілі Раззак Чиманың журналистерге хабарлауынша, 23 шілде күні базардағы дүкендердің бірінің қасында мотоцикльге орнатылған бомба жарылған. Шенеуніктің айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың барлығы бейбіт тұрғындар.

Белуджистан өлкесінің ішкі істер министрі Мир Зия Лангове жарылысты «Пәкістанның дұшпандары жасаған террорлық шабуыл» деп атаған. Ол жарылысқа байланысты төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешбір топ я ұйым алған жоқ.

Кветта – Пәкістанның Ауғанстанмен шектесетін Белуджистан аймағының әкімшілік орталығы. Бұл аймақта өлкеге кеңірек автономия беруді және табиғи байлықты өндіруден түскен кіріс үлесін ұлғайтуды талап ететін сепаратистер бүлігі жиі болады.

Azattyq