«Өзіме қол салуға мәжбүрмін» Сот үкімін тыңдаған қылмыскер қиғылық салды
Қысқа сілтеме алу
Жамбыл облысында ұзақ мерзімге сотталған жігіт өзіне қол саламын деп сес көрсетті
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында тұтас бір аудан жұртын үрей құшағында ұстаған қылмыскерлерге сот үкім кесті.
Үйлерді тонап, үш адамды зорлап, әрі 68 жастағы зейнеткерді мерт қылған қаскөйлердың алды 19 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады КТК.
Сотталушының бірі туберкулездің ашық түрімен ауырады. Сол дімкәс Денис Куцевой залда қиғылық салды. Бақандай 17 жыл арқалаған ол үкіммен келіспейтінін айтып, өзіне қол саламын деп сес көрсетті.
«Үкіммен келіспейтіндіктен өзіме қол салуға мәжбүрмін, өйткені прокурормен бірге істі әділ қараған жоқсыздар. Бас прокурор Қожамжаровтың атына арыз жазылды», — деді сотталушы.
Атышулы іске үш қаскөйдің қатысы бар. Алды 19, екіншісі 17, соңғысы 14 жылға түрмеге қамалатын болды. Бұларға тонау, қарақшылық барысында абайсызда адам өлтіру және топ болып кісі зорлау баптары бойынша айып тағылған. Белгілі болғанындай, екеуі екі әйелді кезек-кезек ермек қылса, біреуі жасөспірім қызға қиянат жасаған.
Айта кетейік, осы сұмдық қылмыстарды сотталушылар бір-ақ күнде жасаған. Енді жазықтылар ұзақ мерзімге түрмеге жабылуымен қоймай, жәбірленушілерге моральдық және матералдық шығын есебінде 5 миллион теңге төлеуі тиіс.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/