Алматыда «телефон террорист» ұсталды

0
145

Астана. 24 қаңтар. KAZISLAM – 18 қаңтар күні Алматы облысының Панфилов ауданында «102» арнасына Көктал ауылының әкімдігі мен жергілікті учаскелік пунктіне жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабарлаған белгісіз ер адамның қоңырауы түсті.

Алматы облысының Панфилов ауданының 37 жастағы тұрғыны «жалған терроризмнің» күдігімен ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған елдімекенге аудандық полиция мен өзге де құқық қорғау органдарының қажетті құрамы тартылды. Ауыл әкімдігі мен полиция пунктіне жақын орналасқан алты үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Шақырылған саперлар аталған нысандарды толығымен қарап, ешқандай жарылғыш зат таппады» деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Екі күн ішінде тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті 37 жастағы азаматты ұстады. Қазіргі уақытта күдікті азамат Панфилов ауданы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

«Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің неге мұндай қылмысқа барғаны анықталатын болады» деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де Алматы облысы аумағында осындай оқиғалар Қарасай және Панфилов аудандарында тіркеліп, тәртіп сақшылары күдіктілерді анықтаған болатын.








Дереккөз: http://kazislam.kz/