«Өзгерістер жылы». Нумеролог 2021 жылы елімізді не күтіп тұрғанын айтты

0

Жыл аяқталатын кезде белгілі экстрасенстер мен нумерологтар түрлі болжам жасап жатыр. Танымал нумеролог Құралай Бақытқызы 2021 жылдың негізгі белгілеріне тоқталды. 

2021 жыл  жаһандану жылы 

2021 жылдың әр санын бір-біріне қоссақ, 5 саны шығады. Ал 5 саны – өзгеріс саны. Бұл – көшпенділер саны. Көбінде жаңалықтар әкелетін сан. Тіпті, жаһандану жылы келе жатыр деуге болады. Өтіп бара жатқан жыл да, келер жыл да металл жылы.

Коронавирустан кейін Алла тағала адамдардың мүмкіндігін тепе-тең дәрежеге түсірген сияқты. Енді 2021 жылы жаңа дәуір басталады. Мысалы, бұрынғы Қола дәуірінде ең алғашқы адамдарда мамандық игеру деген болған жоқ. Көбінесе қолөнер, егін егу, үй салу сияқты еңбекпен айналысты.

Сол сияқты алдағы жылы адамның көбі өзінің қабілетін дамытып, әрі қарай сол бағытта өзін көрсетуі керек. Әр адам талантты. Біреу баланы жақсы оқытады, тағы бір адам қолымен әшекей заттар жасайды, біреу тағамды дәмді пісіреді.

Сондықтан әр адам бір кәсіпті игеріп, әрі қарай дамытып, алып кететін жыл келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, 2021 – адам өзін жаңа қырынан танып, білетін жыл.

2021 жылы дүние есігін ашатын нәрестелер ерекше болады

Сондай-ақ, 2021 жылды сараптау жылы деуге болады. Өйткені, 5 саны сондай. Жауапкершілікті жоғары сезініп, өзіне көп жүкті алатын жыл. Мұнымен қоса, шағын және орта кәсіпкерлік дамитын жыл.

Биыл – еріктілер жылы деп аталса, келесі жылы соның жалғасын табады. Жаңа дағдарыс орталықтары ашылып, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асады. Көпбалалы аналардың құқығын қорғайтын бағдарлама қабылданып, арнайы жәрдемақылар тағайындалады деп ойлаймын.

2021 жылы дүние есігін ашатын балалардан қоғамға еңбегі сіңетін қайраткер шығады. Патриоттар да осы балалардың арасынан шығады. Себебі, олар ерекше энергиямен туады.

Сиыр – тұрақты баспанасы бар үй жануары

Сиыр жылы берекелі жыл болмақ. Бұл жылы ауылшаруашылығын дамытуға көңіл бөлу керек. 2018-2019 жылдары құрылыс салу қарқын алса, 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын ілгері жылжытуға күш салу қажет.

Бұдан экономикалық табыс арта түседі. Жалпы, нумерология саласы Қытай елімен тығыз байланысты. Мысалы, Қытай да бұл жануарды «қызыл сиыр» деп құрмет тұтады.

Себебі, сиыр – молшылықтың символы. Бұл жануар өте төзімді. Сиыр тұрақты орнына келіп, тұра қалатын үй жануары. Бұл жылы көптеген адам баспаналы болады. Үкімет тарапынан айтулы көмек көптеп жасалуы мүмкін. Сауын сиыр деп атайтыны сияқты, 2021 жыл табысты болмақ. Дағдарыс болады деп ойламаймын.

Денсаулық бойынша айтсам, аяқ, сүйек, тыныс алу мүшелері әлсіз болады. Яғни, халық денсаулығына күтім жасау керек. Етті көп жеу керек. Ал кейбір адамдар Еуропа елдеріне демалуға барып, көп энергетика алып келеді.

Жаңажылдық үстелде көкөніс көп болғаны жөн 

Жылдың түсі – сұр, ақ, күлгін, жылтыр сары. Мейлінше, осы түстермен қарсы алған дұрыс. Жаңа жылдық үстелге сиыр жануары жақсы көретін шөп-шалаң (көкөніс), нан болған дұрыс. Көбінде дастарқанға салаттың түр-түрі қойылады.

Яғни, 2021 жыл – қозғалыс жылы. 5 саны ұшқыштарда, саяхатқа көп шығатын адамдарда көп кездесетін сан. Сондықтан келесі жылы жұрт өмірінде өзгеріс жасауға ұмтылады, бір орнында тұрып қалмайды. Шетелге шығатын іссапарлар көп болуы мүмкін. Бизнеспен айналысатындар мекен жайын өзгертуі мүмкін. Сиыр жылы осының бәрін жүзеге асыруға қолайлы жыл.

https://www.nege.kz/