«Өзге ағымның жетегінде жүр…» Айдар ТҰРҒАMБЕК өзі туралы қауесеттерге жауап берді

0

Кезінде талай арудың арманы болған Айдар Тұрғамбек бүгінде отбасылы, бірнеше перзенттің әкесі. Сахнадағы орта буын өкілі«Жігіттер» тобының солисі жайында тыңдарман арасында айтылатын әңгіме көп. Бірі «қыз ұзатып жүр» десе, енді біреулер «өзге ағымның жетегінде кетті» десті.  Көпшіліктің көңілін күпті еткен сауалдарды әншінің өзіне қойдық

– Биыл «Жігіттер» квартетінің сахнада жүргеніне 20 жыл толыпты. Осыған орай шығармашылық тур бастаған едіңіздер…

– Біз ақпан айынан бастап Батыс Қазақстан мен Түркістан облысын аралап, жеке кешімізді бердік. Рамазан айы басталған соң әзірге үзіліс жасауды жөн көрдік. Қазір продюсеріміз өзге өңірлерде концерт берудің қамын ойластырып жатыр. Негізі алдағы күзде Алматы мен Астанадағы тыңдармандарымызды қуантсақ деп отырмыз.

– Алғаш сахнаға шығып, танылған кезде бойжеткендердің назарында жүрдіңіз. Сол кездерді  сағынасыз ба?

– «Егер сол өтіп кеткен кезең қайтып келер болса, мынаны мүлде басқаша жасар едім» деген ойлар көп, әрине. Бірақ «өткен іске өкінбе» деген ғой. Дегенмен, осы топтың құрамына еніп, сахнада танылғаныма қуанамын.

– Сол кездер мен қазіргі ән әлемінде қандай айырмашылық бар? Топ құру дегеннің қызығы өткен секілді ме, қалай?

– Менің ойымша, топ деген қай уақытта да сұранысқа ие. Себебі, ондағы әншілер бірнеше дауыста ән шырқайды. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді ғой. Осы жағынан алғанда топтың қажеттілігіне күмәнім жоқ.

Ал топтың кемшілігі жайлы айтар болсам, жеке әншінің тапқан табысы өз қалтасына түсетін болса, топтың тапқаны ондағы мүшелерге тең бөлінеді.

Біз сахнаға шыққан жылдары телеарнадан көріну өте қиын еді. Содан кейін ол кездегі тыңдарман әнді үлкен ыждахаттылықпен тыңдайтын. Мәселен, әр әніміз төрт немесе бес минутқа жетіп жығылатын. Ал қазіргі адамдар үш минуттық әнді әрең тыңдайды. Сондықтан қолымыздан келгенше тректерімізді қысқартып, екі жарым минутқа сыйғызып жүрген жайымыз бар.

ТикТок пен инстаграм шыққалы бес минуттық бейнебаянды көретін жүрттың қатары да сиреді.  Содан кейін ол кездері махаббат тақырыбындағы әндердің сөзі салмақты, сезімді жанамалап жеткізетін. Ал қазір «саған ғашықпын» деп нақты айтпасаң, әніңді жастардың тыңдауы екіталай.

«Атың шықпаса жер өрте» дегенге сала ма, бейәдеп сөздерді қоссам, халыққа тез танылам деген түсінік қалыптасқаны тағы бар. Ондай әндер бірден танымал болғанымен, өміршең емес. Ары кетсе екі ай тыңдауы мүмкін. Одан кейін көпшіліктің жадынан өшіп қалады. Ақпараттың көптігі сол – адамдар не тыңдап, не қоярын білмей қалды.

– Түркістанға арнаған әніңіз осы сөзіңізге мысал бола ала ма?

– Әлбетте солай. Неге десеңіз, біз ол әннің сөзін жазу үшін жаңа Түркістанмен танысып шықсын деп Рүстем АРСЛАН деген ақынды арнайы сол жаққа жібердік. Ол кісі киелі өңірді аралай жүріп, әнге сөз жазды. Сосын оны бес-алты сазгерге табыстадық. Олардың ішінде Бақытжан ҚАЖЫМҰҚАН жазған әуенге таңдау салдық. Оның өңдеу жұмыстарын Шымкенттегі білікті мамандарға тапсырдық.

Ал менің дауысымнан өзге хорға қатысқан жиырма адамның да дауысын бөлек-бөлек жаздыруға тура келді. Бұған арасында ойналатын  аспаптардың үнін үйлестіру жұмыстарын қосыңыз. Осы айтқандардың  барлығының басын жиыстырған соң әннің соңғы нұсқасын Ташкент қаласына өңдетуге жібердік. Мұның барлығына жарты жыл уақыт кетті.

Бірақ, осынша маңдай термен шыққан әнді халық мен ойлағандай қабылдай қоймады. Тыңдарман рухани туындыларға үстірт қарап,  керісінше, жеңіл-желпі дүниеге ден қоя бастаған.

Мұның бәрі уақытша деп ойлаймын. Себебі, адамның табиғи құбылысы жақсылықтан да, жамандықтан да жалығады. Көптің ақыл тоқтататын кезі келетін шығар. Бір айтатыным, боқтық сөзділер мен салмақты орындаушыларды бір кеште қатар қоймау керек. Өйткені, бір ортада ән айтқан соң халық барлығын бірдей тең көріп жатады.

– «Пандемия біраз әншіге қанағатшыл болуды үйретті» деп жатады. Осы рас па?

– Әрине, бір жиын-тойда өнер көрсеткеніне 2-2,5 млн гонорар сұрайтын әншілер бар. Шамасы келмеген адам, қалтасы көтеретін әртісті шақырғаны дұрыс болар. Ешкімді-ешкім күстәналамайды ғой. Бағасын түсіре ме, көтере ме, ол – әншінің өз құқығы. Оның үстіне қазір барлығы қымбаттап кеткен. Мысалы, бір ән жазудың өзіне үстіңе киер киімнен бөлек, 1 млн теңге көлемінде қаражат кетеді. Одан кейін оны инстаграмда таратуға таргетке жіберем. Оның өзіне күніне 20-40 мың теңге арасында ақы төлеу керек. Менің жұмысымды жүргізетін әкімшіні де жалақысыз қалдыра алмаймын. Ашығын айтқанда, бір өнерпаздың  айналасында бірнеше азамат жұмыс істейді. Сондықтан әртістердің табысы шаш-етектен деуге келмейді.

– Бір кездері шәй шығара бастаған сияқты едіңіз. Кәсібіңізді дөңгелете алдыңыз ба?

– Жоқ, себебі мен серіктесті дұрыс таңдай алмадым. Анығын айтқанда, мені алдап, қарызға кіргізіп кетті. Дегенмен, адам таңдай алмағандықтан қателік өзімнен деп білемін.

– Қыз ұзатып жүргеніңізді жұрт аз сынаған жоқ. Оған да құлағыңыз үйренген болар?

– Бұрын қыз ұзатылғанда ән салмаған. Сыңсу деген болған, оның өзін қалыңдық ағайын-жұртымен қоштасу ретінде қыздың өзі салған. Мысалы, «Әкеңдей камқор болар-ау деумен, Тапсырдым сені кұдама, қызым», «Аршыған жұмыртқадай аппақ көркің, Өзіңдей қарындасты қайдан табам…» деген сынды ескі әндердегі жолдардан-ақ қыз бала ұзатылғанда ер азаматтардың тілегін әнмен жеткізгенін аңғаруға болады. Сондықтан бұл бізге таңсық емес.

Оның үстіне мен бар болғаны әкесі мен ағасының ақжарма тілегін жеткізу мақсатында ән айтып тұрамын, ал жеңгелері жетектеп шығарып салады.

Бұл біздің дәстүрімізде бар дүние болғандықтан, тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Сіздің дінге бет бұруыңыз біраз адамның ойын сан-саққа жүгірткені бар. Анығын өз аузыңыздан естісек, сәждеге бас қоюыңызға не түрткі болды?

– Жасыратыны жоқ көп адам иманға сынақпен келіп жатады. Негізі ақылмен келген жөн. Оның үстіне мен үлкен медресесі бар Сарыағаштағы нағашыларымның қолында өстім. Ал ол кісілердің көбі дін таратушы ғалымдар. Сондықтан жастайымнан намаз бен оразаның не екенін көріп-біліп өстім. Құран маған таңсық болмағандықтан, намазға жығылу қиын болмады.

– Сізді «өзге ағымның жетегінде жүр» дейтіндерге айтар уәжіңіз бар ма?

– Мен өзге ағымға кетіп қалсам, әншілікті мүлде тастап кеткен болар едім. Өзіміздің дәстүрлі дінді ұстанамын. Дін істері басқармасы құптап, нұсқаған жолмен жүріп келемін. Әйтпесе, өзгенің жетегіне еріп, жанымнан алып қосып-жатқан ештеңе жоқ.

– Дін жолына келген соң музыканы харам санап, өнерден кетіп қалғандардың әрекетіне не дейсіз?

– Біреуге қатысты айта алмаймын. Әркімнің өзіндік пайым-парасаты бар.

Өзіме қатысты айтар болсам, мен сахнадан кетіп қалуға дайын емеспін.

Біріншіден, менің әндерім ата-ананы сыйлау, қарындасты құрметтеу, Отан және туған жерді қастерлеу жайында.

– Дінге ден қойған кейбіреулер ата-дәстүрімізді жоққа шығарып жатады. Бұған не айтасыз?

– Құранда «сендер бір-бірлеріңді тануың үшін ұлтқа бөлдік» дейді. Ал ұлтқа бөлінгеннен кейін олардың әрайсысының дәстүрі болатыны анық. Мысалы, қолындағы домбырасына қарап – қазақты, ал балалайкасына қарап орысты танимыз. Бірақ, өкінішке қарай көптеген ұлт дәстүрінен айырылып қалды. Бұл енді жақсы емес.

– Жарыңыз алғашқы алған білімі бойынша мықты математик екен. Бірақ, сіз оны исламтану мамандығы бойынша тағы оқытқан көрінесіз. Себебін білуге бола ма?

– Менің жұбайым орта мектеп пен Астанадағы Еуразия университетін қызыл дипломмен бітірген. Қазір бала тәрбиесімен үйде отырғандықтан дінге деген көзқарасы күшейіп, өз қалауымен Нұр-Мүбарак университетіне түсті. Кішкентайымыз алты айлық болғандықтан, академиялық үзіліс алды. Бұйырса, қайта жалғастырады. Мен оған негізі үнемі: «Үйде отырып қалма, балаларға сабақ берсең де бір іспен айналыс. Қоғамнан алшақтама», – деп айтып отырамын.

– Жұбайыңыз сізді «қожайыным» деп атайды екен. Тоқалға да қарсылық танытпайтын көрінеді. Бұл рас па?

– Бұл жайында бірдеңе десем, біреу түсінер, енді біреу өзгеше ұғуы мүмкін. Сондықтан осы сауалыңызға жауап бермей-ақ қояйын.

– «Бала–адамның бауыр еті» деген ғой. Алғашқы некеңізден туған қызыңызбен хабар алмасып тұрасыз ба?

– Әрине. Қажет кезде материалдық тұрғыдан да қол ұшын созып, көмектесіп тұрамын.