«Өз қалаларыңды өздерің салып алыңдар, өзгенікіне тимеңдер» – Ресейлік саясаткер

0

Ресейлік саясаткер Жириновский кезекті рет Тәуелсіз Қазақ елінің ішкі мәселелері туралы айтып, елдің мен жердің бүтіндігі, тарихы туралы жағымсыз пікір білдірді.

«Мемлекеттік Дума» деген жазуы бар баннер алдында сөйлеп тұрған сясаткер: «Павлодарда 30 көшенің атын ауыстырмақ екен. Өз қалаларыңды өздерің салып алыңдар. Өзгенікіне тимеңдер. Орыс әлемінің шекарасын қалпына келтіреміз» дейді.

«Орыс әлемінің шекарасын қалпына келтіреміз» дегені біздің аумақтық тұтастығымызға қол саламыз дегені ме?! Бұның сөзіне осы уақытқа дейін «саяси сайқымазақтық» деп қарап келдік. Алайда бұл Ресей истеблишментінің ойын айтушы адам. Биыл бұлардың тарапынан біраз шабуыл жасалды. Никонов, Федеров, Жириновский, алдында президенттерінің көмекшісіне дейін аумақтық тұтастыққа күмән келтірді. Путин ол «сыйға тартқан жер» деген өтірігін тоқтамай айтып жүр. Әлі талай осылай сайрайтынына күмәнім жоқ. Жириновский сайқымазақ емес, ол кезіндегі Ресей империясының езіп-жаншу кезеңін аңсайтынын ашық айтатын адам(сымақ). Ол билікте отырған, Мемдумада 40 депутаты жайғасқан партияның басшысы. Демек оның сөзі бір жағынан биліктің де сөзі» дейді саясаттанушы Асхан Қасенғали.

«Біздің елдің жауабы сөзден іске ауысқаны ұнайды. Қарағандыдағы Әлихан ауданын атадық, Павлодарда көше аттарын ауыстырдық. Осындай жауаптар дұрыс. Енді осы жұмыстар тоқтамауы тиіс. Солтүстікті қазақыландыру, әскери әлеуетті көтеру уақыт күттірмейтін мәселе. Бұл саладан қаржы аямау керек және бақылау мықты болғаны абзал.

Билік жоғарыда бізге қарап үрген төрт депутатты персона нон грата жарияласа дұрыс болар еді. Ал мынаның сөзіне қатысты бір нота жолдап қойса да артық етпейді. Көшедегі біреу емес, билікте отырған бір партияның басшысы айтып тұр» дейді саясаттанушы.