Отунбаева президенттен Текебаевқа рақымшылық жасауды сұрады

0
64

Қырғызстан экс-президенті Роза Отунбаева президент Сооронбай Жээнбековтен парламент экс-депутаты, «Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасау туралы өтініш білдірді. Отунбаева сонымен қатар парламенттегі фракциялар жетекшілерін өтінішін қолдауға шақырды. Экс-президенттің өтінішін «Роза Отунбаеваның бастамасы» қоғамдық қоры таратты.

Отунбаева өтінішінде «Кешірім мен рақымшылық жасаудың ортақ принциптері туралы» заңда рақымшылық жасау үшін сотталушы кінәсін мойындап, ісіне өкінуі тиіс деген шарт жоғын айтады. Оның сөзінше, заңда президент сотталушыға оның өз өтінішімен ғана рақымшылық жасай алады деген ереже де жоқ.

Экс-президент заңға сүйене отырып, мемлекет басшысы сотталушыға оның өтінішінсіз-ақ, жеке тұлғасы, мемлекетке сіңірген еңбегі мен басқа да дәлелді себептеріне қарап кешірім бере алатынын айтады.

Роза Отунбаеваның сөзінше, Омурбек Текебаевқа қарсы «қолдан жасалған» қылмыстық іс «әділ сот принциптерін белден басып, кінәсіз адамды заңсыз соттаған ең ауыр оқиға» ретінде тарихқа енді.

«Мұндай барып тұрған әділетсіздік Алмазбек Атамбаев билігі үшін кешірілмейтін масқара болып қалады» делінген Отунбаеваның үндеуінде.

Бұған дейін Сооронбай Жээнбеков Омурбек Текебаевты қамаудан босату ісіне араласа алмайтынын, дегенмен, сотталушының өзі өтініш білдірсе заң бойынша рақымшылық жасауға болатынын мәлімдеген. Бірақ Текебаев кешірім сұрамайтынын білдірген.

«Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотонов 2017 жылдың ақпан айында Ресей кәсіпкері Леонид Маевскийден миллион доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған.

Былтыр 21 қарашада Қырғызстан жоғарғы сот екі саясаткерді күшейтілген режимде 8 жылға соттау туралы аудандық сот шешімін күшінде қалдырған. Сотталушылар өздеріне қарсы істің саяси астары бар деп біледі.

Дереккөз: Азаттық