Өтеген батырға ескерткіш қойылды

0

Ұлы дала тарихында Мүйізді Өтеген атымен мәңгілікке қалған батыр 15 жасынан қолына найза алып, жоңғар шапқыншылығына қарсы  соғысқа қатысады. Кіндік қаны 1699 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өзенінің бойындағы Изенді топырағына тамған Өтеген батырдың ақтық демі 1773 жылы бүгінгі Қапшағай көлі маңындағы  Шеңгелді өңірінде үзілген екен. Батырдың ерлігін арғыдағы Күсеп, Сүйінбай, Әлмейін, Сарбас, Жамбыл жыраулар мен бергідегі Кенен ақын жырға қосып, ерлік дастанына арқау еткен. Бүгінде ескерткіш қойылған  Іле ауданының орталығы осы Өтеген батыр атында.

– Ауыздықпен алысқан тұлпарға мінген батыр бейбітшілікті бейнелейді. Жорықтан жеңіп қайтқан батыр иығына алдынан қуана жүгіріп шыққан баланы отырғызған. Баланың алақанында бозторғай бар. Бұл қазіргі бейбіт өмірдің көрінісі іспетті, – дейді ескерткіш авторы, мүсінші Бақытбек Мұхамеджан.

Алматыдан Талдықорғанға қарай бет алған жолаушылардың назарын баурайтын ескерткішті батыр ұрпақтарының жеке қаржысына жасалған екен. Биіктігі 5 жарым метр, ені 2 жарым метірге жететін тас мүсінін 4 метрлік тұғырға қонғаннан кейін айбарлана түскендей.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз