Отбасының жалғыз баласы: Теміртауда 12 жасар жеткіншектің өлімімен аяқталған оқыс оқиға жайлы куәгерлер айтып берді
Теміртауда 12 жастағы бала төбелестің салдарынан көз жұмды. Оқыс оқиға жайлы куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде таралған. Бейнежазбада 12 жастағы Илья Сумкиннің қарысыласының жұдырығынан талып қалғаны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, ол досын арашаламақ болған. Бастапқыда сол жерде отырған қыздар түк түсінбейген, бірнеше минуттан кейін ғана көмекке ересектерді шақырады. Баланың әкесі ұлын 10 минуттан астам уақыт бойы құтқаруға тырысқан. Жедел жәрдем тез арада келмеген соң Ильяны өз көліктерімен ауруханаға жеткізулеріне тура келіпті.
“Мен жүгіріп шықсам әкесі баланың жүрегіне массаж жасап, жасанды демалдыруға тырысып жатыр екен. Өзі де есінен айырылғандай болды. Сондықтан мен де массаж жасадым. Тым әлсіз болды ма маған баланың тамыры соқпай тұрғандай сезілді. Маңайдан жиналған көршілер жедел жәрдемге ұзақ уақыт хабарласа алмағандарын айтты. Олар телефонды әрең көтерген. Бізге аурухана дәрігері тым кеш, құтқара алмадық деп айтты”, – дейді көршісі Тамара Шылкова.
Көз жұмған Илья – отбасының жалғыз баласы. Теміртаудағы 20-сыншы лицейдің үздік оқушыларының бірі. 4 жыл бойы емделіп, жүрегіне кардиостимулятор қойдырған. Алдын ала сараптама Ильяның жүрегі тоқтап қалғанын айтқан. Алайда ата-анасы тәуелсіз сараптама жасататындарын мәлімдеді. Олар баланың өліміне қатты соққы себеп болғанына сенімді.
“Маған баламның жүрегі тоқтап қалған” деп айтып жатыр. Мен оған сенбеймін. Ешкімге сенбеймін. Кардиостимулятор жүрегін қайта соқтыруы тиіс. Оны ұрып өлтірді”, – дейді марқұмның анасы Марина Гукова.
Көршілері Илья Сумкиннің өліміне себепші болған баланың сотқарлау болғанын жасырмайды. Алайда арнайы есепке алынған қиын жеткіншек емес. Оқиғаға қатысты «абайсызда адам өлтіру» бабымен тергеу басталған.
“Жапа шегуші бала төбелестен соң ауруханаға түскен. Екінші тарапта 12 жастағы ұл бала. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама бала өлімінің нақты себебін анықтайды”, – деді Қарағанды облыстық ПД басшысының орынбасары.
Айта кетсек, заң бойынша 16 жасқа толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Тек аса ауыр қасақана қылмыс жасағандар ғана 14 жастан бастап сотталуы мүмкін. Еске салсақ, Қарағандыда осыдан 10 жылдай бұрын 11 жастағы қыз құрбысын тұншықтырып жазым еткенмен жазаға тартылған жоқ. Ал Ильяның өлімінің нақты себебі 1 айдан соң дайын болатын сот-медициналық сараптамасында анықталады. Сонымен бірге ата-анасы жедел жәрдем қызметінің жұмысына да шағымданбақ.