Отандық шоудың қатысушысы өзінен 16 жас жігітке тұрмысқа шыққан — Қазақстан жаңалықтары
«Кел, татуласайық» бағдарламасының кейіпкері Жанна Байжанова екінші күйеуім «жынды» екенін білмей тұрмысқа шығып, опық жедім деген еді. Күйеуінен жастайынан көп қорлық көрген ол өз үйінен балаларын тастап қашуға мәжбүр болған. Ал қазір өзінен 16 жас кіші жігітпен бір шаңырақ астында тұрып жатқанын айтады. Жас жұбайы Жаннаның өткен өміріндегі мәселеге тіпті бас ауыртпайтын көрінеді. Stan.kz тілшісі Жаннаның өзімен хабарласып, қазіргі күйеуімен қалай танысқаны туралы және басындағы мәселеге қалай қарайтыны жайлы сұрап білді.
46 жастағы Жанна Алматыдағы базарлардың бірінде әжетхана тазалаушы болып қызмет істейді. Бірінші күйеуімен дәм-тұзы жараспаған ол бір қызымен ажырасып кеткен. Кейіннен ағайындары екінші күйеуімен таныстырып, сол кісімен шаңырақ көтереді. Бұл күйеуінен бір ұл, үш қыз тапқан. Бірақ отасқан он жылдың ішінде көрмеген қорлығым жоқ деген ол күйеуінің қатты қызғаншақ болғанын айтады. Ұрып-соғуына сол себеп дейді.
Жақсы көрген соң, балаларының әкесі болған соң көрген теперішіне шыдаған. Алайда қайын атасының аузынан күйеуінің жынды деген анықтамасы барын естігенде есінен танып қалғанын айтады. Осыдан соң тұрса сопақ, отырса опақ болған ол үлкен қызының көмегімен үйінен тек құжаттарын ғана алып қашып кетеді.
Арадан 10 жыл өткенде күйеуінің қайтыс болғаны туралы хат алған ол содан бері балаларын қолына ала алмай жүр. Бар арман-тілегім балаларыммен бір болу деген Жанна бағдарлама барысында үш жылдан бері өзінен 16 жас кіші жігітпен бірге тұрып жатқанын айтып қалып еді.
«Балаларымның бәрі біледі. Қыздарым «Бақытыңыз жанып тұрса, біреудің етегінен ұстап, бақытты болып кеткеніңізді қалаймыз, сіз лайықсыз» деп айтты. Ал ұлым Нұрсатпен мүлде сөйлеспейміз. Үлкен қызым келіп, күйеуіммен танысып кетті. Бірақ қайын жұртыма айтпадым, жасырып ұстадым. Қайын сіңлім қоңырау шалып: сен өзіңнен он алты жас кіші күйеумен тұрып жатыр екенсің, балаларың соған намыстанып, ұлың қызғанып жатыр» дейді. Бірақ менің балаларым мұны біледі. Мен әлі күнге дейін айтып жатырмын, егер ұлым анашым қасыма келіңіз десе, мен бұл күйеуді тастаймын. Мен артыма қарайлайтын себеп жоқ, балам да жоқ қой бұл күйеуден. Осы күйеуімнен былтыр бала көтердім, бірақ ішімде шетінеп кетті», — дейді әйел.
Жанна жас күйеуі басқа әйелге кетемін десе де қарсы болмайтынын айтып қалды.
Қазіргі күйеуіңіздің туыстары қалай қабылдады деп сұрағанымызда:
«Иә, біледі. Бес балам, бес немерем бар деп жасырмай айттым. Біз бір жылдай бірге тұрған соң жігітім әпкелерімен таныстырды. Сол кезде бауырларыңды менен ажыратып аламын десеңдер де өздерің білесіңдер, менің балаларым бар, мен осы жігітке қайтсем де тиемін деп отырған жоқпын деп кесіп айттым. Сонда күйеуім «мен де үйленіп ажырасқан адаммын, Жаннамен өмірімнің аяғына дейін тұрамын, өлтірсеңдер де ажыраспаймын. Осы әйелмен бір жылдан бері тұрып жатырмын» деп түсіндіріп айтты. Ал бұл жігіттің анасы «Менің балам үлкен әйелмен тұрып бақытты болып кетсе деп тілеуші едім. Арманым орындалды. Жанна, сен маған ұнадың» деп ағынан жарлып, мені жақсы қабылдады. Содан менің қолыма екі апта тұрып өз қыздарына мені мақтады. «Балам Жаннаның тілін алады екен, арақты тастапты, тамағы тоқ, киімі көк. Мінезі ашылып, түрі де өзгеріпті баламның» деп қыздарынан сүйінші сұрады», — дейді Жанна.
Жаннаның күйеуі Ербол Тұлбаев — Бақанастың жігіті. Жаннаның сөзіне сенсек, Ерболдың алғашқы отбасы сәтсіз аяқталып, ішімдікке салынған. Алайда Жаннаны жолықтырған соң түзу жолға түсіп, беті бері қараған. Ал балаларымен татуласса, тастап кетемін деген Жаннаның шешіміне құрметпен қарайтынын, мүлде қарсы емес екенін айтатын көрінеді.
«Күйеуіме ұлым мені қабылдаса, сені тастаймын да кетемін деп кесіп аттым. Күйеуім оған қарсы емес. Бағдарлама редакторлары хабарласып, эфирге шығуын сұрағанда: «Миллиондаған халық алдына шыға алмаймын, бірақ балаларымен бірге кетуіне қарсы емеспін, балалары келсе, көмектесіп, араласамын» деп менің қай шешімімді болсын қолдап отыр», — деді Жанна.
Оның айтуынша, кіші қызы күйеуін жылы қабылдап, әке деп жақсы көреді екен.
stan.kz