Өскеменде екі ағайынды көршілерін өртеніп жатқан үйінен аман алып шықты — Қазақстан жаңалықтары
Өскеменде екі ағайынды көршілерін өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 5 сәуір күні Тимофеев көшесіндегі жеке үйде өрт болған. Екі ағайынды өртті байқап, көршілеріне көмекке асыққан. Олар терезені сындырып, үйде қалған екі ер адам мен әйелді оятқан.
«Құтқарушылар ағалы-інілі туысқандар болып шықты: Рафхат Қажахметұлы мен Дастан Елеусізов. Олар үйде адамдар бар екенін білгендіктен, өрт сөндірушілердің келуін күтпеді. Сонымен қатар, екі кейіпкер «көлеңкеде» қалуды жөн санап, өздері туралы егжей-тегжейлі айтудан, суретке түсуден бас тартты», — деп атап өтті ТЖБ.
Оқиға орнына келген №6 ӨСБ өрт сөндірушілері 30 шаршы метр аумақтағы отты сөндірді. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі отты абайсыз қолдану немесе өртеу болды.
stan.kz