Өскеменде әкімдік қызметкері тұрғындармен кездесуге мас күйінде келген
Өскеменде әкімдік қызметкерін қала тұрғындарымен кездесуге мас күйінде келгені үшін айыптап жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Желідегі road_control_kz парақшасында аталған жағдайға қатысты ақпарат жарияланды.
“Бүгін 11.07.2021 жылы азаматтарды вакцинациялауға арналған автобус жанынан өтіп бара жатып оның есігі жабық екенін, адамдарды қабылдамай тұрғанын байқадық. Неге екенін білмек болдық. Неге медицина қызметкерлерінің бізді қабылдамай жатқанын сұрап едік, дұрыс жауап ала алмадық.
Қалалық әкімдіктің өкілін шақырдық, бізге азаматша Қалжабаева Индира Ғадылшынқызы келді, ол мүлдем адекватты емес жағдайда екенін, мас күйде болғанын көрдік. Осындай жағдайда көлік тізгінінде болған, бізге мардымды ештеңе түсіндіре алған жоқ. Содан соң біз полиция қызметкерлерін бетперде режимін сақтамаған үшін дәрігерлерге әкімшілік протокол жасату және азаматша Қалжабаеваны медициналық куәландыруға алып бару мақсатында шақырттық . Оқиға орнына Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жұмашұлы Жақыпов келді, ол бізге: «Бүгін ол кісіде демалыс емес пе?!», – деді.
Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі қызметкер Индира Қалжабаевамен болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта полиция органдары мас күйінде көлік құралын басқару фактісі бойынша әкімшілік іс жүргізуге бастама жасады. Полиция басқармасынан материалдар келіп түскеннен кейін қала әкімдігі болған оқиға фактісі және мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша қызметтік тергеп-тексереді. Қазіргі уақытта барлық іс-шаралар аяқталғанға дейін Г. Қалжабаева жұмыстан шеттетілді», – деді әкімдікте.
Аталған оқиға бойынша полицияның баспасөз қызметі пікір білдірді.
«11 шілде күні сағат 13:55-те Өскеменде Карбышев көшесінде 40 үйдің маңында полиция қызметкерлері Hyundai Accent көлігін мас күйінде басқарған 54 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Аталған факті бойынша жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-тің 608-бабы1-бөлім бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – делінді полиция басқармасында.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментімен бірлесе отырып таралған видеоға байланысты Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінің бұрынғы басшысы Индира Қалжабаеваға қатысты қызметтік тексеруді бастамақ.