Өгей қызын 7 жыл зорлап келген әкенің ісі: Соттың әділ өтетіні күмәнді болып отыр

0

Атырауда өгей қызын 6 жасынан бастап 13 жасына дейін зорлап келген әкенің ісі сотқа түскенімен, жапа шеккен тарап соттың әділ өтетіндігіне сенбей, арнайы брифинг ұйымдастырды.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы бұрын күйеуде болған атыраулық әйелмен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Әйелдің бұрынғы некесінен үш баласы болады. Өгей әке жеті жыл бойына ең кіші қызды зорлап, «біреуге айтсаң шешең екеуіңді өлтіремін» деп қорқытқан. Осыдан кейін қыз ешкімге тіс жармаған.

Алайда 2020 жылы әйелі мен күйеуінің арасында отбасылық жанжал шығып, ажырасуға бел буады. Осы кезде анасы мен қызы оңаша сөйлескенде, күйеуінің қызын зорлап келгенін біліп, бірден Атырау облыстық Полиция Департаментіне арыз жазады.

Арызды қабылдап алған полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, арнайы сараптамалар тағайындағанымен, педофилді қамауға алмайды. Тек қана қоғамдық шудан кейін ғана педофил сот санкциясымен қамауға алынып, тергеу изоляторына тоғытылады.

Бір қызығы өгей әкенің Алматыдағы туған інісі де кішкентай қыздармен жеңгетайлықпен айналысқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған.

— Қамауға алынғанға дейін Атырауда күн сайын қыз бен анасына қоқан-лоқы жасап, дыбыстық хабарлама жіберіп тұрды. Педофил өгей әкесінің бостандықта жүргеніне 13 жасар қыздың әбден зәре-құты қашып, сұмдық күйді бастан кешті! Баланың психикасы бұған шыдай алмай, әбден шегіне жетіп, қорқынышты суреттер салды, — деді «НемолчиКз» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

Осы айда педофил өгей әкеге қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-тармағы бойынша (жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) іс Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотқа түсті. Алайда жәбірленуші тарап соттың әділ өтетіндігіне сенбейді.

Төребала Мұқышев
Төребала Мұқышев

— Кеше алғашқы сот отырысы өтті. Сотталушы жеті жыл бойына қызды зорлап, өзінің азғындық ниетін жүзеге асырып келген. Психологиялық тұрғыда қалыптаспаған қызға қалағанын жасаған. Қыз өзін өгей қыз екенін білмеген. Педофил жамандығын қыздың анасы жоқ болған кезде істеген. Сотта судья іске қатысы жоқ сұрақтарды қойып, барлық үмітімізді өшіргендей болды. Айыпталушы жақ та негізсіз сұрақтар қойып еді, судья ол сұрақтарды алып тастамады. Біздің өтінішімізді қанағаттандырмай тастады. Біз осыған байланысты брифинг ұйымдастыруға мәжбүр болдық, — деді ЭК тілшісіне жапа шегуші тараптың өкілі Төребала Мұқышев.

ЭК тілшісіне Атырау облыстық соты істің қаралып басталғанын ғана айтты.