Өскеменде 10 жасар қыз кір жуғыш машинаның барабанына кептеліп қалды

0

Шығыс Қазақстан облысында 10 жасар қыз кір жуғыш машинаға кептеліп қалды.

Бұл туралы KzNews.kz ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Белый Камень ауылындағы үйлердің бірінде жасырынбақ ойнап жүрген 10 жастағы қыз кір жуғыш машинаға барып, жасырынған. Кейін ол өздігінен әлгі құрылғыдан шыға алмай қалған.

«ПЧ-28 бөлімінің өкілдері машинаның кейбір бөлшектерін ажыратып, қызды шығарып алды. Оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем қызметінің өкілдері қыздың зардап шекпегенін, денесінде ешқандай жарақат немесе сынған мүшелер жоқ екенін айтты» — делінген ШҚО ТЖД баспасөз хабарламасында.

Құтқарушылар балаларды қараусыз қалдырудың қаншалықты қауіпті екенін тағы да ескертті.

«Өте сақ болыңыздар! Балаларыңызбен мұқият түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Оларға қауіпсіздік шараларын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін ескертіңіздер!»,-делінген төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерінің ескертпесінде.