Өрттен 5 бала қайтыс болған соң аудан әкімі жұмыстан кетті

0

Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақпанда Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында бес бала өрт кезінде қайтыс болған еді.

«Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің келісімі бойынша Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Жақсылықов Бақытжан Алпысұлы Сарысу ауданы әкімі қызметінен босатылды», — делінген Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтында.

Бақытжан Алпысұлы 1972 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген.

Қазақ Ұлттық техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1995 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқытушы болып бастаған.

Әр жылы Сарысу ауданы әкімі аппаратының, аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі орталығының бас маманы, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аудандық комитеттің төрағасы, Жаңатас қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

2020 жылы Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалды.

Айта кетейік, Жаңатас қаласы – Сарысу ауданының орталығы.

19 ақпанда Жаңатас қаласында пәтерде өрт шықты. Үйде бір жастан алты жасқа дейінгі 2 ұл мен 3 қыз болған, бәрі көз жұмды.

Оқиға сағат 15.15-те 2-ші шағын ауданда болған. 5-қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы көлемі 16 шаршы метр пәтерде өрт шықты. Үй заттары мен жиһаз жанып кетті.

Оқиға болған сәтте балалардың әкесі жұмыста болған, анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаға иіс тиіп, ауруханаға жатқызылды. Бірақ біраз уақыттан кейін көз жұмды.

Мемлекет басшысы осы оқиғадан кейін бес баласы қайтыс болған отбасыға көңіл айту жеделхатын жолдады.

Кейінірек 5 баласынан айырылған отбасыға пәтер берілді. Жерлеу рәсімін әкімдік өткізіп берді. Демеушілер қаражатына 3 бөлмелі пәтер алынды. Жергілікті кәсіпкерлер жиһаз бен тұрмыстық техника алуға көмектесті.