Орталық Азияға бет бұрған Қытай және Тоқаев сөзіне «реакция»

0

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА БЕТ БҰРҒАН ҚЫТАЙ

Америкада шығатын Diplomat басылымы осы аптада Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық мүдделеріне тағы да мақала арнады. “Қытай Орталық Азияға экономикалық балама ретінде қарайды” деп аталған мақаласында АҚШ сыртқы саясат кеңесінің кіші ғылыми қызметкері Джеймс Грант Пекиннің Орталық Азияға бет бұруының ұзақмерзімдік және қысқамерзімдік факторларына тоқталған.

Сарапшының айтуынша, АҚШ-пен арадағы сауда соғысы да Қытайдың Орталық Азияға көбірек көңіл бөлуіне әсер еткен.

Өткен жұма, желтоқсанның 13-ы күні әлемдегі алып экономика иелері — Қытай мен АҚШ шектеулі сауда келісіміне қол жеткізді. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімді “ерекше құбылыс” деп атағанымен, сарапшы мұны “бейбіт келісімнен гөрі сауда соғысындағы бітім” деп санайды.

АҚШ және Қытай тулары. Көрнекі сурет.

АҚШ және Қытай тулары. Көрнекі сурет.

Келісімнің шарты бойынша, Қытай Америкадан ауылшаруашылық өнімдері мен құрал-жабдықтарын көбірек сатып алатын болды. Есесіне, Вашингтон Қытай тауарларына тарифті 120 миллиард долларға азайтты (тариф көлемін 15 пайыздан 7,5 пайызға төмендетті).

“Дегенмен, майда детальдарда мәселе көп: зияткерлік меншік, фармацевтикалық құқықтар және Қытай нарығына кіру сияқты айқындалмаған шетін мәселелер кейінірек қаралатын болса керек” деп жазады Джеймс Грант.

Сондықтан да Қытай “сенімсіз” АҚШ-тан гөрі балама бағыттарға көбірек үміт арта бастаған. “Ең ірі сауда әріптесі – АҚШ-қа сенім азайып, ұлы державалар арасындағы бәсеке қызып келе жатқандықтан, Еуроодақ сияқты дамыған нарықтармен экономикалық байланысты дамыту Қытай үшін өзекті болып келеді. Қытайдың алып экономикалық жобасы – “Бір белдеу – бір жол” (БББЖ) бастамасының негізгі қозғаушы күші де – осы” деп жазады Diplomat.

Ал бұл бағытта Қытай үшін ең басты перспектива – оның тауарларын Еуропа нарығына жеткізетін “құрлықтағы инфрақұрылым дәліздерінің торы” орын тепкен Орталық Азия. “Жібек жолының экономикалық белдеуі” (SREB), сондай-ақ, ресурсқа зәру Қытайды сирек кездесетін пайдалы қазбалары бар Ауғанстан, табиғи газы бар Түрікменстан және мұнай мен уран кені бар Қазақстанмен байланыстырып жатыр.

Автордың айтуынша, әсіресе “белбеудің айылбасы” саналатын Қазақстан Қытайдан көп пайда көре алады.

“Азия мен Еуропа нарықтарын қатар қамтып жатқандықтан әрі табысы орта деңгейдегі, экономикасы біршама дамыған ел болғандықтан Қазақстан “Бір белдеу – бір жол” жобасының басты бөлігі саналады. Оның үстіне, Каспий жағалауынан Қытайдың батысына шикізат жеткізетін құбыр – Пекиннің Орталық Азиядан тартқан алғашқы мұнай құбыры саналады. Қазақстан мен Түркіменстан бірлесіп, Қытайдың табиғи газ қажеттілігінің 15 пайызын өтеп отыр.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан қалыптастырып жатқан жаңа қаржылық механизмдер Қытайдың аймақ экономикасына дендеп енуіне ғана емес, жалпы аймақтың дамуына да серпін беріп жатыр. Сондай механизмдердің бірі ретінде автор 2018 жылы құрылған Астана қаржы орталығы (AIFC) мен Астана қор биржасын (AIX) атады. Астана қаржы орталығында тіпті “Белдеу экономикасы бөлімі” ашылып, ол Қытай қатысатын инвестиция жобаларын әзірлеумен айналысып жатыр. Оның үстіне, Қытайдың “Жібек жолы” қоры Астана қор биржасына қаржы құйса, бұл елдің банктері инфрақұрылым жобаларына қатысуға ниеттеніп отыр.

Сарапшының айтуынша, бұл қарым-қатынастың артында үлкен стртегиялық мақсат тұр. “Қытай “Бір белбеу — бір жол жобасы” тек геосаяси кеңею жоспары ғана емес, шынайы халықаралық жоба екенін көрсету үшін әріптестерді белсене іздеп жатыр. Жалпы құқық юрисдикциясына бағынатын, халықаралық стандарттарға негізделген AIFC – бұл аймақта Қытай құрылымдағысы келетін келісімдердің басты қозғаушысы” дейді Джеймс Грант.

ӨЗБЕКСТАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОҚПАҒЫНА ТҮСТІ

Азия құрлығы жайлы саяси, экономикалық сараптама жазатын Nikkei Asian Review басылымының вебсайтында жарық көрген “Өзбекстандағы сайлау ел имиджін жақсарту жолындағы реформалардың шекарасын кеңейтеді” атты мақалада Өзбекстандағы соңғы бірнеше жылдағы өзгерістер талданып, елдің болашағына болжам жасалады. Автор Пол Бартлеттің айтуынша, “амбициялық реформаларды бастаған Өзбекстанға елеулі саяси өзгерістерге қол жеткізу қиын болып тұр”.

“Елді 25 жыл басқарған тым оқшауланғыш саясаткер Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан кейін президент болған Шавкат Мирзияев тұсында үкімет елдің халықаралық имиджін жақсартып, инвестицияны арттырып, өліп бара жатқан экономикаға жан бітіруге тырысып жатыр” деп жазады автор.

Автордың айтуынша, “Орталық Азияның халқы ең көп елінде көппартиялы жүйе бар болып көрінгенімен (заң шығарушы органдағы 150 орынға бес партия таласады) анықтап қарасаң, олардың барлығы президенттік бағытта екеніне, ешқайсысының сайлаушыларға шынайы таңдау ұсына алмайтынына көзіңіз жетеді. Сайлауға қатысуға ешқандай оппозициялық партия тіркелген де, тіркелуге талпынған да жоқ. Тәуелсіз кандидаттарға сайлауға түсуге тыйым салынған”.

Парламент сайлауына қатысатын партия өкілдері арасындағы дебат. Ташкент, 19 желтоқсан 2019 жыл.

Парламент сайлауына қатысатын партия өкілдері арасындағы дебат. Ташкент, 19 желтоқсан 2019 жыл.

Лондондағы Prism Management Risk Management сарапшысы Бен Годвиннің айтуынша, президент Мирзияев қазір билігін нығайтудың қамымен жүр, сондықтан ол әзірге бәсекелестерге және халықтық оппозициялық қозғалыстарға мүмкіндік беруге құлықсыз”.

“Бұл Өзбекстанды көршісі әрі аймақтағы бәсекелесі Қазақстанның соқпағына ұқсас жолға бағыттайды. Қазақстан автократиялық саяси жүйені жекеменшік бизнеске ыңғайлы экономикалық климатпен жымдастырған еді” деп жазады Nikkei Asian Review.

Лондон университетіндегі Шығыс пен Африканы зерттеу орталығының сарапшысы Алишер Ильхамовтың айтуынша, Мирзияев та “авторитарлық басқаруды салыстырмалы түрде либерал экономикамен ұштастырамын” деп үміттенеді.

Өзбекстанда президенттік басқару форматы мығым орнаған, үкіметтің басым бөлігі атқарушы биліктің қолында. Дегенмен, басылымның жазуынша, президент Мирзияев парламент “реформаларды іске асыруда бастамашы әрі шешуші рөл атқаратын күш” деп үміт артқан.

Жыл басында Өзбестанда сайлау кодексі өзгеріп, парламенттің төменгі палатасын халық тікелей сайлайтын болған. Бұрын 15 орын табиғатты қорғау тобына берілетін еді. Ресми тіркелген бес партия бизнесті жақсарту, дәстүрлі құндылықтарды сақтаудан бастап әлжуаз топтарды қорғау, экологияны сақтау сияқты түрлі мәселелерді көтеріп отыр. “Ал аймақтарда сайлаушылардың көбі партияларды бір-бірінен ажырата алмай жүр, көбінің саясатқа сенімі азайған” деп жазады басылым.

Автордың жазуынша, бұл сайлаудың бір айырмашылығы – алғаш рет партия басшылары арасында теледебат өтті. Онда басқа мәселелермен қоса Өзбекстанның Мәскеу бастамасымен құрылған Еуразия экономикалық одағына қосылу жайы да талқыға түскен. Сарапшы Годвиннің айтуынша, экономикалық одаққа қосылу Өзбекстанның басты әріптестерімен жақынырақ интеграциялануына мүмкіндік береді, себебі ол арзан жұмыс күші мен өндіріс әлеуетін ұсына алады.

“Оның үстіне Өзбекстан Қытайға да көз салып отыр, ол алғаш рет Ресейді басып озып, елдің басты сауда әріптесіне айналды. Өзбекстандағы ресми статистикаға сәйкес, 2019 жылдың алғашқы алты айында Қытаймен арадағы сауда айналымы 3,52 миллиард доллар болса, Ресеймен сауда айналымы 2,53 миллиард долларды құраған. Ташкент қазір бар автокөлік жолына қосымша, көрші Қырғызстан арқылы теміржол тартып, Қытаймен әріптестіктің аясын кеңейткісі келеді” дейді Nikkei Asian Review.

Басылымның жазуынша, осыған дейін Пекин Ташкентке қандай да бір саяси талап қоймастан, онда тек экономикалық рөл ойнап келді. Дегенмен, сарапшы Алишер Ильхамовтың айтуынша, бұл жағдай өзгереді. “Белгілі бір уақыттан соң экономикалық ықпалдың саяси ықпалға айналары анық” дейді ол.

“Қазірдің өзінде мұның белгілері бар: Өзбекстан Қытайдың батысындағы Шыңжаң аймағында “қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде” этникалық ұйғырларға, мұсылман азшылыққа қысым көрсету саясатын сынауға құлықсыз” деп қорытады автор.

ҚАЗАҚСТАН МИТИНГ ТУРАЛЫ ЗАҢ ТАЛАБЫН ЖҰМСАРТПАҚ

Reuters агенттігі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларға қатысты ұсыныстарына тоқталған. 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Қазақстан президенті митинг өткізу үшін биліктен арнайы рұқсат алу талабын алып тастап, саяси партия құру үшін оны қолдағандар санын азайту және жала жапқаны үшін жазаны жеңілдету туралы айтқан.

“Реформалардың бұл жиынтығы парламентте шынайы оппозициялық партиялары жоқ, үкіметті сынағандарға қылмыстық айып көп тағатын елде саяси еркіндікке салынған ең үлкен шектеулер босаңсымақ” деп жазады тілші.

Агенттіктің айтуынша, халық жиындарына қатысты заң жобасынан митинг өткізу үшін ресми рұқсат алу талабы алынып тасталған, бұл ереже “наразылықтарға тосқауыл қоюда тиімді қолданылып келген еді”.

Тәуелсіздік күні "рұқсат етілмеген" шеруге шыққан азаматтарды полиция ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Тәуелсіздік күні «рұқсат етілмеген» шеруге шыққан азаматтарды полиция ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Reuters тілшісі Қазақстандағы биыл маусымда өткен президент сайлауының қарсаңында және одан кейін болған митингілерде жүздеген адамның ұсталып, қамалғанын еске салады.

“Саяси шектеулерді алып тастаған” тағы бір өзгеріс – партияны тіркеу үшін талап етілетін мүшелер саны екі есе азайып, 20 мың адамға түсіріледі.

Оған қоса, Тоқаев жала жабу туралы баптың Қылмыстық кодекстен алынып тасталатынын, ал араздықты қоздыру бабы нақтыланып, оған тағайындалатын жазаның жеңілдетілетінін айтты. “Бұл екі бап та көбіне оппозиция белсенділері мен үкіметті сынаушыларға қарсы қолданылып келген еді” деп жазады ақпарат агенттігі.

“Қазақстан парламентінде биліктегі “Нұр Отан” партиясы үстем болып отыр, оны аса ықпалды Қауіпсіздік кеңесін басқарып, ресми түрде “Елбасы” титулын иемденген Назарбаев басқарып келеді. Парламент сайлауы 2021 жылға белгіленген” деп жазады Reuters.

“ҒЫЛЫМДАҒЫ РОБИН ГУДТЫҢ” РЕСЕЙ ҚҰПИЯ ҚЫЗМЕТІМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА?

Мыңдаған ғылыми мақаланы тегін ашып оқуға мүмкіндік беретін Sci-Hub пираттық жобасының авторы – Александра Элбакян Ресейдің құпия қызметімен байланысты болуы мүмкін деген күдікке ілінді. АҚШ-тың әділет департаменті Элбакян Американың әскери құпияларын қорғаныс саласындағы мердігерлерден ұрлап, Ресейдің арнайы қызметіне беріп жүрген болуы мүмкін деп санайды. Бұл туралы АҚШ-та шығатын Washington Post басылымы жазды.

Қазақстаннан шыққан компьютер маманы Александра Элбакян. 2010 жыл. Мұрағаттан алынған сурет.

Қазақстаннан шыққан компьютер маманы Александра Элбакян. 2010 жыл. Мұрағаттан алынған сурет.

Қазақстаннан шыққан Элбакян – қымбат жазылу жүйесі арқылы ғана оқуға болатын мақалаларды ашық жариялаумен аты шыққан компьютер маманы. Ол құрған Sci-hub платформасы 2011 жылдан бері жұмыс істейді.

“Элбакян Sci-Hub операцияларын Ресей барлау қызметі үшін пайдаланды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ сыншылардың айтуынша, ол әсіресе университеттерде журналдарға жазылған адамдардың логин мәліметтерін ұрлауда ерекше хакерлік дағдыларын көрсеткен. Ол бұл логиндерді аса көп ғылыми еңбектерді ұрлауға пайдаланған” деп жазады газет тілшісі.

АҚШ барлау қызметінің бұрынғы лауазымды қызметкерінің айтуынша, Элбакян Ресейдің әскери барлау қызметі – Мемлекеттік барлау басқармасымен бірлесіп жұмыс істеп жүр. “Демократиялық партияның ұлттық комитетінің, Хиллари Клинтонның сайлау штабы төрағасының электронды хаттарын ұрлап, 2016 жылы оларды WikiLeaks-ке берген де – осы ұйым” деп жазады Washington Post.

Элбакян Ресей барлау қызметіне жұмыс істегенін жоққа шығарды әрі АҚШ мекемелерінің өзін тергей бастағанына таңғалмайтынын айтты.

Washington Post басылымының жазбаша сұрақтарына Элбакян “Менен күдіктенуге бірнеше себеп барын білемін. Алдымен компьютер қауіпсіздігі саласында білім алғанмын, жасөспірім кезімде хакерлікті әуес қылғаным да бар. Бірақ менің кәсібім – хакерлік емес, әрі Ресейдің де, басқа елдің де барлау қызметінде ешқандай жұмысым жоқ” деп жауап қайырған.

Александра Элбакян құқықтық және этикалық нормаларды бұзды деп көп айыпталған. 2017 жылы Нью-Йорк округтік соты Sci-Hub және басқа да сайттар авторлық құқық нормаларын бұзды деп танып, олардан Elsevier баспа үйіне 15 миллион доллар өндіру туралы шешім шығарған.

“Жаңалықтарда және сот процестерінде Sci-Hub серверлері Ресейде орналасқан деген әңгіме жиі айтылады. Ал сайттың дамуын бақылап отырған сарапшылар ол қазір елде тұрып жатыр деп санайды” деп жазады Washington Post. Тілшінің жазуынша, Элбакян қазіргі тұрғылықты жерін айтудан бас тартқан.

Azattyq