Оралдың «Ақжайығы» көш бастаушы команданы ұтты

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 17:27 204

Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» көш бастаушы команданы ұтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың кезекті ойынында «Ақжайық» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші топта әзірге «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасы 18 ұпаймен көш бастаса, «Знамя-Удмуртияның» одан бір ғана ұпайы кем-ді. Оның үстіне «Никельщик» екі матчты артық өткізген.

«Жастар» стадионында өткен кездесуде оралдықтар қарсыласына дес берген жоқ. Бұл жолы Хромтау допты хоккейінің түлегі, 19 жасар шабуылшы Азат Бектұрған ерекше көзге түсті. Ол 3-минутта-ақ мергендік танытса, 55-минутта есепті еселеді. Бұдан кейін ресейлік легионерлер Сергей Пантеев (71-минут) пен Максим Пахомов (78-минут) қанжығасын майлады.

Осылайша оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Ертең қос команда екінші ойынын өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Динамо Қазан-2» командасын екінші кездесуінде де ұтқанын жазған болатынбыз.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz