Оралдағы әуежайды ресейлік миллиардерге қатысы бар компания сатып алған

0

«Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-нің иелері өзгерді. Бұрын әуежай лицензиясынан айырылған Bek Air-ге еншілес «Беркут аэропорт» ЖШС-іне тиесілі болған. Бұл жөнінде «Уральская неделя» басылымы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Басылымның жазуынша, енді әуежайдың құрылтайшысы – «Орал аэропорт холдинг» компаниясы. Компания иелерінің бірі – ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысты Ресейдің Екатеринбург қаласында тіркелген «Ретранс» компаниясы. Оған жекешелендіру аукционы кезінде 1 млрд рубльге сатып алған Магнитогорск әуежайы да тиесілі.

Бұған қоса, «Ретранс» «аймақ әуежайлары» арқылы Вексельберг жетекшілік ететін «Реново» тобына тиесілі авиация активтерін де басқарады. Холдингіге Екатеринбург, Самара, Нижний Новгород, Саратов, Дондағы Ростов, Новый Уренгой, Петропавловск-Камчатский, Благовещенск, Орынбор және Тобыл әуежайлары кіреді.

«Ретранс» компаниясының ресми басшысы «Реново» компаниясының бұрынғы менеджері Владимир Резер (90 пайыз акциясы Резерге тиесілі ) деп айтылады. Мақала авторының болжамынша, Вексельберг АҚШ санкциясына ілінгеннен кейін әуежайларды басқаруды Резерге тапсырған болуы мүмкін.

«Орал аэропорт холдинг» компаниясына «Ретранстан» бөлек, «Орал менеджмент» компаниясы мен бұрын Қазақстан даму банкі мен «ҚазАзотта» жоғары қызмет атқарған Дәулетхан Қилыбаев иелік етеді. 2021 жылғы мәлімет бойынша, «ҚазАзот» Дінмұхамед Ыдырысов, Бахаридин Әбілазимов, Ержан Достыбаев және Тимур Құлыбаевқа («Joint Resource» арқылы) тиесілі болған. Қазір меншік иелері өзгерген.

Басылымның жазуынша, жуырда әуежай шикізат игеруші «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы есебінен жөнделген. Жөндеу құны – 6,6 млрд теңге. Жөндеуге дейін 2018 жылы әуежай ғимараты мен ұшу-қону жолағы «Ақжайық» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің уақытша балансына берілген. Әуежай басшылығы жобаны қаржыландыра алмайтынын айтқан.

Басылымның жазуынша, «Ақжайық» өндірістік кооперативі журналистердің «енді «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік инвестиция ретінде салған 6,6 млрд теңге қаражатын кім төлейді?» деген сұрағына жауап бермеген.

Орал әуежайының ұшу-қону жолағы 2014 жылы қайта жөндеуден өткен. Жөндеу аяқталғаннан кейін шамамен 1,5 жылдан соң экономикалық қылмысты зерттеу қызметі жөндеу құны тым асыра көрсетілгенін, 452,6 млн теңге заңсыз жұмсалғанын айтқан. Ұшу-қону жолағындағы бетон тақталар желініп, екі жылдан соң 2 сантиметрге төмендеген.

2022 жылы сәуірде екі жыл жөндеуден кейін Орал қаласында әуежай терминалы ресми түрде ашылған. Алайда бірнеше айдан соң FlyArystan әуе компаниясы «әуежайдағы ұшу-қону жолағының нашарлауына байланысты» Оралға ұшудан бас тартқан.