Оралда «Уральска неделя» газетінің журналистеріне полиция келді
1 мамырда таңертең 10.30 шамасында «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияровқа полицейлер келіп, қалалық полиция басқармасына шақырған.
— Полицейлер әкелген шақыру қағазында «қорғауға құқығы бар куәгер» деп жазылып тұр. Бірден өздерімен алып кеткісі келді, бірақ мен «жұмыс күні шақырыңыздар, бүгін демалыс болғандықтан келе алмаймын» деп жазып бердім. Олар кетерінде «күштеп жеткізуге» рұқсат алып келеміз деп кетті, — деді журналист Азаттыққа.
«Уральская неделя» басылымының бас редакторы Тамара Еслямова таңертеңнен бері үйінің алдында полицияның күзеткенін айтты.
— Бүгін таңертеңгі тоғыздан кейін жеңіл көлік есігімнің алдында тұрды, ішінде бір ер және әйел адам болды. Екі сағаттан аса уақыт тұрып жаңа ғана кетті. Суретке түсірейін десем түрлерін жасырып қалады. Фейсбукке жазғанан кейін кетті-ау деймін. Мұның алдында екі көлікпен тұрған,- дейді Тамара Еслямова.
Бүгін, 1 мамырда Нұр-Сұлтандағы Азаттық тілшілерінің көлігінің терезесін шағып, алдын жапты.
ЕҚЫҰ өкілі «әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс» деп мәлімдеген.