Нұр-Сұлтанда Азаттық тілшілерінің көлігінің терезесін шағып, алдын жапты

0
65

1 мамырға қараған түні Азаттықтың Нұр-Сұлтан бюросының операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін әлдекімдер шағып кетті. Әмірханов бұл туралы таңертең білген. Азаттық тілшісі өзімен қатар тұрған тағы бір көліктің терезесі сынғанын көргенімен, оның иесі оқиға орнына полиция жеткен соң да келмеген.

Әмірханов көлігінен тіркеу құрылғысының ұрланғанын айтады.

Полиция көліктен саусақ іздерін алып, арыз жаздырған соң Азаттық операторын полиция бөлімшесіне апарған. Бөлімшеде тілшінің де саусақ іздерін алған. Полиция мұны «ұрылардың саусақ іздерімен көлік иесінің іздері шатысып кетпесі үшін алынады» деп түсіндірген.

1 мамырда Азаттықтың тағы бір нұр-сұлтандық операторының көлігімен мәселе туды. Бірлік күніне орай Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жиынды түсіруге барған Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған көлігінің алдына әлдекімдер көлік қойып, жолын жауып кеткен.

Айтмұхамбетовтың айтуынша, көлік иесі сол маңда табылмаған. Ол «Жан-жағымда қанша орын бос тұрса да, тап менің көлігім шыға алмайтындай етіп қойып кеткен. Екі жағымда тұрған екі машина шығып кете алады да, тек мен шығып кете алмаймын» деді ол.

Азаттық операторы Тимур Айтмұханбетовтің көлігінің алдын әлдекімдер жауып тастады. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Азаттық операторы Тимур Айтмұханбетовтің көлігінің алдын әлдекімдер жауып тастады. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Бүгін Қазақстан Халықтар бірлігі күні тойлап жатыр. Нұр-Сұлтандағы шараға – Қазақстанның экс-президенті Назарбаев, Алматыдағы концертке президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Екі алаңға да полиция адамдарды тексеріп кіргізді.

2019 жылдың басынан бері Қазақстанда Азаттық тілшілерін полиция бірнеше рет ұстап, кейбірінің үстінен іс қозғап, айыппұл салған.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі «әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс» деп мәлімдеген.

Azattyq