Оралда репрессия құрбандарын еске алу күні жиналғандарды қамауға алды

0

Сенбі, 12 маусым күні Орал қаласының әкімшілік сотында қатарынан үш отырыс өтіп, «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген үш белсенді бірнеше күнге бостандығынан айырылды. Бұл туралы Азаттық жазды.

Полиция белсенділер Орынбай Оқасов, Дархан Қайырбаев және Амангелді Оразбаевты содан бір күн бұрын ұстаған. Оған олардың 29 мамырда қаланың орталық паркінде наразылық акциясын өткізуі түрткі болған.

Сот отырысында судья Ернар Халықов акцияны ұйымдастырушылар биліктен рұқсат алмаған деп үшеуін де қамауға үкім кесті. Орынбай Оқасовты әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-тармағы (заңды бұза отырып өткізілген митингіге бір жыл ішінде екінші рет қатысу) бойынша бес күнге, Дархан Қайырбаев бен Амангелді Оразбаевты үш күнге бостандығынан айырды.

Үшеуі де үкімге келіспеді. Олардың апелляциялық шағым түсірер-түсірмесі әзірге белгісіз.

Іс материалдарына қарағанда акция парк ішіндегі саяси репрессия құрбандарына арналған ескерткіштің алдында өткен. Қазақстанда 31 мамыр саяси репрессия және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген.

2020 жылғы мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жиындар туралы заңға қол қойып, бұдан былай митинг өткізу үшін биліктен рұқсат сұрау қажет емес деген. Заңда рұқсат алудың орнына, билік органына алдын ала хабарлау тетігі жазылған. Бірақ жергілікті билік түрлі себеппен бейбіт жиын өткізуге тыйым сала алады. Құқық қорғаушылар митинг ұйымдастыру іс-жүзінде әлі де билік рұқсатын талап етеді дейді.