Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті

0

2018 жылғы 22 желтоқсан 18:50 532

Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті


ОРАЛ. ҚазАқпарат  — Оралда Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 25 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерейтой театр актері әрі бас режиссері Самал Әбуовтың «Театр. Тарих. Тағылым» атты кітабының тұсаукесерімен ашылды.

Тұсаукесер рәсімін кезінде осы театрдың ашылуының басы-қасында болған белгілі өнер шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жуырда экранға шыққан «Елбасы жолы. Астана» фильмінде мемлекет басшысының рөлін сомдаған Мұрат Ахманов пен Қазақстанның халық әртісі Гүлнәр Жақыпова ашып берді.

Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті

Аталмыш жинақта театрдың ширек ғасырлық тарихы, оның алғашқы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев, еліміздегі үш театрдың негізін қалаған режиссер Жамбылбек Есенбеков, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шәкірттерінің бірі, дарынды актер Тельман Имашев, пантомимо өнерінің хас шебері Зефиль Ситдиков, Сырым батырды сомдаған Темірболат Есенғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов сынды бірегей тұлғалар жөнінде сыр шертіледі.

Жалпы, Оралдағы қазақ драма театрының тарихы бұдан да әріде жатыр. Оның негізін өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанин қалады. Алайда Жұмат Шанин «халық жауы» атанып, атылып кетсе, басқа да әртістері отызыншы жылдардың қуғын-сүргініне ұшырады. Ақыры 1948 жылы Оралдағы қазақ музыкалық драма театры «көрермені аз, қаражат жетіспейді» деген сылтаумен жабылып, Атырау қаласына көшірілді.

Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті

1989 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде «Оралға қазақ театры қажет» деген өзекті мәселе көтеріліп, оны халық жаппай қолдады. Осындай жұмыстар нәтижесінде Оралдағы қазақ драма театры 1993 жылы 16 желтоқсанда Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашылды.

«Әрине, театр тарихына байланысты деректер аз емес. Ол үшін архивтерді қопаруға тура келеді. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғанындай, ұлықтауға тұрарлық тұлғалар біздің театрда да аз емес. Осы мақсатта театр музейі ашылды. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жалғастырып, музей қорын толықтыра беретін боламыз», деді аталмыш кітап авторы Самал Әбуов.

1993 жылы театр қайтадан ашылған кезде еліміздің түкпір-түкпірінен режиссерлер мен актерлер жұмысқа келді. Оған Оралдың өзіндегі жас таланттар қосылды.

Театрдың ширек ғасырлық тойына қазақтың «Қыз Жібегі» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, Орал театрында жары Мұрат Ахмановпен бірге еңбек еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Хазима Нұғманова және басқа өнер қайраткерлері арнайы қатысты.

Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті
Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті
Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ театры 25 жылдығын атап өтті

Фото: Рафхат Халелов

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz