Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды

0

Мысалы, облыс орта­лы­ғын­­дағы 2017 жылы жаңа­дан салын­ған №37 қазақ орта мектебі қала­ның шеткі аума­­ғында орна­лас­қан. Осы жердегі М.Ворушин кө­ше­сі бойында «Қазақстан Алю­ми­нийі» АҚ-ның мем­ле­кет­­-жекешелік әріп­тес­тігі бағы­тын­да бірнеше тұрғын үй бой көтеріп, бала­бақ­шалар есік ашты. Бұл маңай­дағы аумаққа ауылдардан көшіп келген отбасылар қатары да көбейді.

Алғашында ата-аналар ба­ла­­­ла­­ры­­ның мектепке барып-қайтула­рына алаң­дау­шы­лық білдірді. Өйткені қала іші­нен шеткері ор­на­­лас­­қан мек­тептің балалары үшін қа­уіп­­сіз­дік мәселесі өзекті еді. 

Сондықтан «Біз қауіпсіз мектеп үшін!» жобасы облыс орта­лы­­ғын­да­ғы №37 мектептен бас­талды. Жар­қы­раған жаңа мектепке цифр­лы тех­­но­­­­ло­гиялар ілесе кел­гендей. Оқушылар мектеп­ке арнайы карта немесе саусақ ізі арқылы кіріп-шығады. Ата-аналарға арнайы хабар­лама жолданады. Бұл ата-ана­лар­дың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік берді.

Оқушылар, мұғалімдер мектепке кіреберісте арнайы ор­натылған турникеттерден саусақ таңбасын немесе картаны сәйкестендіру арқылы өтеді.

Бұдан оқушы мен мұғалім­нің қай уақытта кіріп-шық­қанын байқап оты­руға болады. Сондай-ақ мектепке бөгде адамдардың кіруіне тос­қауыл жасайды. 

Смарт-жүйе асхана мен кітап­ха­на­да да орнатылған. Ата-ана күн са­йын баласына ас мә­зі­рін таңдай алады. Төлем арнайы картадан бірден алынады. Оқушылар ақша алып жүрмейді. Бастауыш сынып оқушылары үшін сынып жетекшісі төлем жасайды. Тегін тамақпен қамтылатын оқушылардың ас ішу жағдайы да қарастырылған. 

– Қазір балабақшаларда, мек­теп­тер­де асханадан уланып қалғандары жайлы оқып, көріп жүрміз. Біздің мек­теп­те­гі смарт-жүйе осы қауіптің алдын алады. Екіншіден, «Ақшасын біреу тартып алды ма екен?», «Жоғалтып алмай ма?» «Қолын жуды ма, жоқ па?» деген қауіп те жоқ. Күн­де­лікті хабар­ламалар келіп, баламыздың мектепке келгені, шыққаны жазылып отырады, − дейді ата-аналар.

Мұғалімдердің «Teacher office» деп ата­латын бөл­ме­сі де сандық жүйе­ге кө­шіп­ті. Осы бөлмеден арнайы жүйе арқылы қажет кі­тапқа, оқу­лық­қа, көмекші құр­алға тап­­сы­рыс береді. Кітап­ха­­­на­шы дайындап береді. Қа­ла­­лық мәслихат депутаттары да №37 мек­тептің ІТ сыныбын жабдықтауға де­меушілік көрсетті. 

Ал «BF Групп» компан­ия­сының ди­ректоры Сергей Голышевтің айтуынша, 1098 оқушы білім алатын №37 мек­­тепте цифрландыруды ен­гіз­уге ком­пания 3 миллион теңге жұмсады. Қаржы кө­лемі мектептегі оқушылар са­нына байланысты. 

– Бағдарламада «Смарт Павлодар» қосымшасы да бар. Тек турникет емес, сау­сақ­ты сәйкестендіру қажет. Балаларды бөтен адам алып кете алмайды. Саусақ таңбасы ал­дын ала алынған әкесі мен анасы, атасы мен әжесіне ғана рұқсат етіледі, − дейді С.Голышев. 

Ата-аналар да оқушылар да мо­биль­­дік қосымшаны Play Market, не­­ме­се App Store қосымшаларынан те­гін жүктей алады. 

Мектеп директоры Ләйла Жүсі­по­ваның айтуынша, «Біз қауіпсіз мектеп үшін!» бастамасы − оқушының ақ­па­раттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интер­нетке тәуелділіктің қа­лып­­­тасуының алдын алу, отбасылық құн­дылықтарды ны­ғайту, кәмелетке тол­­ма­ған­­дарға қатысты құқық бұ­зу­­шы­­­лықтың және мектеп орта­сына деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алуға жәрдемдеседі.

Мектеп дәлізін «Қауіпсіз бала­лық шақ» ақпараттық стенді ор­на­лас­тырылған. Стендте барлық ескерту, ал­ғаш­қы көмек көрсету ақ­па­ра­ты, мектепте, үйде, орманда, суда өзін ұстау ережелері, жедел қызмет телефонының нө­мір­лері жазылған. Оқушылар арасында «Қауіп­сіз­дік кем­­пір­­қосағы» тақырыбына сурет бай­қауы өткізіліпті. Күн­делікті өмірде және тө­тен­ше жағдайларда қауіп­сіз­дік ере­желерін оқуға қызы­ғушылығын арт­тыру мақ­са­тындағы игі шара шы­ны­­­мен қолдауға тұрарлық. Сондай-ақ тыйым салынған ақпараттарға, тыйым салын­ған сайттарға кіруді болдыр­­мау мақсатында мектеп ком­пь­ю­тер­леріне Интернет-цен­зор орнатылған. 

Сабақтарда интернет желі­сіндегі жұмыс мұғалімнің бақылауымен жү­реді. Бар­лық сыныпта мобильдік теле­фон­ның, компьютердің адам ағзасына келтіретін зияны, қоғамда телефон мен компьютер пайдалану мәдениеті туралы сынып сағаттары, лек­ция­лар өткізіледі. Мысалы, «Қауіп­сіз интернет», «Шы­на­йы әлем вир­туалды әлем­нен күшті», «Қауіпсіз жол» сияқ­ты ақпараттық стендтері ор­на­­ласқан.

Қала әкімдігінің мә­лі­ме­тінше, оқушылардың қауіп­сіз­дігі үшін жа­сал­­ған бұл бастама нәтиже берсе, алдағы уақытта өңірдегі басқа да балабақшалар мен мектептерге ен­гі­зі­ле­ді. Өйткені №37 мектепте қанат­қақты жоба ретінде енгізілген жүйенің тиімділігі аз емес. 

Алайда аталған «Қауіпсіз мектеп» жобасы көшеаралық автобустармен №19, №22, №25, №22, №7 сияқты қазақ тілінде білім беретін мектептерге қашан жетеді деген сұрақ туады.

Ата-аналар жолаушылар көлігімен барып-келіп оқитын балаларының қауіп­сіз­дігі үшін алаңдаулы. Аял­да­мадан шығарып салып, кешке аялдамадан күтіп алады. Автобустардың көбі ескі, әрі тар. 

Батыржан Жанайхан бас­та­ған бір топ қалалық ата-ана жолаушылар көлігімен барып-келіп оқитын балалары үшін алаңдаулы. Ата-ана­лар­дың балаларын қазақ тілінде са­палы білім беретін мектептерде оқыт­қысы келе­тін­дері түсінікті.

Бірақ қала әкімінің орынбасары Андрей Балашов ата-аналардың дабылына еліміздің «Білім беру туралы» заңының 6-бабы 5-тармағына «сүйеніп» жа уап берді. 

«Яғни қалада тұратын оқушылар үшін арнайы мектеп автобусы қарас­ты­р­ыл­­маған. Оқу­шы­лар­ды қала мек­­теп­теріне тасымалдау үшін мектеп авто­бустарын сатып алу заң талап­та­­рына қай­шы. − Себебі мектептер қала шетінде орналасқан. Мек­теп­тен 3 ша­қы­рым ал­ыс қа­шық­тықта ор­на­ласса ғана автобус беріледі. Егер қиын­дық тудырса үйлерінің жа­­н­ын­дағы аралас мектептерден барып оқу­­ларына тура келеді, − дейді А.Балашов. 

Керісінше, А.Балашов қалалық білім бөлімінің мамандарымен бірге рейдке шығып, қоғамдық көліктерде оқушылардың қандай жағ­дай­да мектепке келіп оқып жүргендерін көргені дұрыс болар. 

Қалалық оқу бөлімі елі­міз­­дің өзге де қала­­ла­р­ын­дағы оқушыларды мектепке тасымалдау тәжірибесімен таныс­уына болар еді. Айта­лық, Астанада School Bus жобасы енгізілді. Бір­қатар қалаларда мектеп тасы­ма­лы­­ның маршруттік желісі жасалған, оқушылар арнайы көліктермен тасымалданады.

Автобустар бекітілген маршурт бойынша қатынайды.

Әрине ата-аналардың алаңдайтын жөні бар. Соңғы жылдары оқушылар мен жас­өс­пірімдерге қатысты келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. 

Екі күннің бірінде «Мек­теп­тен шы­ғып, жоғалып кет­ті», «Төменгі сынып оқу­шы­­ларына әлімжеттік көр­сетіп, ұрып-соққан», «Кө­ше­де автобус өртенді» деген хабарларды көріп, біліп жүрміз. Әлеуметтік желілерде де жиі жарияланады. 

Қалалық оқу бөлімі қала ішінде тасымал жүр­гіз­ілмейді дегенімен, қала­да­ғы №43, №30 мектептерде мектеп әкімшілігінің ұйым­­дастыруымен және жеке тасымалдау арқылы оқушы­лар­ды тасымалдайды. Қала әкімдігінің мәліметінше, былтыр қалаға жақын орналасқан ауыл мектептерінің оқушы­ла­рын тасымалдау үшін бюджеттен 40 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, 3 автобус сатып алыныпты. Бұл автобустар балаларға қауіпсіз, көліктің терезесі екі қабат шынымен жабдықталған, қосымша жылыту жүйесі бар, арнайы бекітілген кесте бойынша жүреді.

Ал №19 қазақ тілінде білім беретін мек­­тепке оқу­шы­лар 2-Павлодардан, Усол­ка шағын ауданынан, Ворушин кө­ше­сі жағынан келіп оқиды. Бауыр­жан Момышұлы атындағы №22 мек­тептің директоры Майра Мам­бе­то­ва­ның айтуынша, жақын маң­­дағы №9, №13 мектептер орыс ті­лінде білім бере­тіндіктен, алыс та болса ата-аналар бала­ларын қазақ мектебіне әкелуге мәжбүр.

Кейбір ата-ана үйлерінің жанын­да­ғы Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейге балаларын оқыта алмайтындарына ренішті. Сондықтан ұл-қыздары, немерелері қаланың бір шетінен екінші шетіне баруға мәжбүр. 

– Сондықтан қала әкімдігі мен қалалық білім бөлімі оқушылар мектепке баратын таңертеңгі сағат 7-8, түскі 13-14, кешкі 18-19 сағаттар арасында қауіпсіздік белдігі, қосымша жылыту жүйесі, қосалқы есігі бар арнайы мектеп автобустарын бағыттарға шығарса, − дейді ата-аналар.

Бұл өтініш-талаптарға талай жыл бойы қала­лық білім бөлімі на­зар аудар­май-ақ келеді. Зәуреш Мұ­қа­ше­ва, Гүлжан Қадырбаева бас­қар­­ған кезде де қазақ мектебінде оқу үшін қаланың бір шетінен екінші ше­ті­не келіп жүрген балаларымыздың жағдайына жанашырлық байқала қоймады. Ендігі үміт жаңадан келген басшы Самал Айтқазинада.

Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз оқушы, жалпы, қауіпсіздік тұрғысынан алсақ, мәселенің мәнісі − қауіпсіз оқушы тасымалы жүйесін құруда.

Яғни, қоғамдық көлік саласында да оқушыларды тасымалдау жүйесінің барлық талап пен стандартқа сай арнайы автобустармен тасы­мал­даудың қауіпсіз және қолайлы жүйесі құрылуы қажет. Қауіпсіз әрі қолайлы мектеп автобусын өңірдің оқушылары мен ата-аналары да күтуде.

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

ПАВЛОДАР

Дереккөз: http://egemen.kz/