Оқушыға «екі» қойған мұғалімді ұрып кеткен

0

Қашқадария облысының құқық қорғау органдары Чироқчи ауданындағы бір мектептің мұғалімінің соққыға жығылу себебін тексеріп жатыр.

Чироқчи ауданындағы №134 мектептің ағылшын тілі пәнінінің мұғалімі Шохнур Оккузиевті «екі» деген баға алған оқушының ағалары ұрған.

Мұғалім ауруханаға түскен. Оқиға 6 сәуірде «Умакай» махалласында болған.

Шохнур Оккузиевтің айтуынша, оған бір оқушының үш ағасы жабылған.

– Мен осы мектепте сабақ беремін. Карши қаласынан келемін. 6 сәуірде алтыншы сыныптарға сабақ бердім. Сабаққа дайындықсыз келген жеті оқушының күнделігіне «екі» қойдым. Оны оқушылардың ата-аналары көрсін дедім. Журналға «үш» қойдым. Ашуланған оқушылардың бірі сыныптан шығып кетті. Сабақтан соң ол мені күтіп тұр екен. Ол мені ағалары күтіп тұрғанын айтты. Мен бардым, олар үшеу екен. Жабылып ұра бастады. Мен есімнен танып қалдым, –​ деді Шохнур Оккузиев.

«Екі» алған оқушы сол мектептің директорының орынбасары Абдуносир Хашимовтың баласы болып шықты. Мұғалімге қол көтерген үшеу кезінде осы мектепте оқыған.

Директордың орынбасары мұғалімнің өзін айыптап отыр.

– Бұл оқиға болған кезде мен сабақта едім. Білуімше, балама «екі» қойған мұғалім оның бетінен ұрған. Оған ренжіген ол ағаларына айтып барған. Енді істі құқық қорғау органдары тексеріп жатыр, – деді Абдуносир Хашимов.