ондаған белсенді, судьяға қарсылық және куәгер шекарашылар

0

6 қаңтарда сотқа екі айыпталушы Өскемендегі тергеу изоляторынан Зайсан ауылындағы аудандық сотқа жеткізілді. Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қолдауға Қазақстанның Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Өскемен және Алматы сияқты әр аймағынан 50 шақты адам жиналды. Олар Семейден де белсенділер келуі тиіс болғанын, алайда полиция Зайсанға бет алған көлікті «қамауда тұрған машина» деп жолда тоқтатып алғанын айтады. Белсенділердің өздері «бізді сотқа бармауымыз үшін әдейі тоқтатты» деп санайды.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы процеске залдағы әйнек қоршау ішінде отырып қатысты. Ішке жиналғандардың барлығын кіргізбеді. Отыз шақты белсенді отырысты өзге бөлмедегі монитордан көрді.

Белсенділерден бөлек сотқа шекарашылар да келді. Олар өздерін камераға түсірмеуді сұрады. Істі судья Шынар Оспанова қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурор Ержан Әзімбаев қатысты.

Сотта Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңда көрген қиындығы жайлы айтты.

Қастер Мұсаханұлы сотта тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Қастер Мұсаханұлы сотта тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

– Ол жерде жасқа қарамай жазалайды. 2013-2017 жылдар арасында бес жыл уақытты Қытай түрмесінде өткіздім. Босап шыққаннан кейін лагерьде сабақ бердім. Қытай бар болғаны қытай тілін үйренгенімізді қалайды, мені елдегі саясат дұрыс деп үгіттеуге міндеттеді. Егер бәрін айтылғандай істесек, бізді ұрмайды, – деді Мұсаханұлы.

Оның айтуынша, 2019 жылы қыркүйекте қашуға дейін Мұрагер Әлімұлы екеуін Қытайда екі рет тергеуге шақырып, 24 сағат қамауда ұстаған.

– Қыркүйектің соңында бізге лагерьге барудан басқа таңдауымыз жоқ екенін айтты. Содан кейін қашуға бекіндік. Біздің қашуымыздың себебі осы, – деді адвокат сұрағына жауап берген Қастер Мұсаханұлы.

Айыпталушылар Қытайда қалған туыстарына қысым көрсетіліп жатқанын да айтты.

Мұрагер Әлімұлы сотта тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Мұрагер Әлімұлы сотта тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

– Қазақстанға келгеннен кейін ата-анаммен байланысуға тырыстым. Қайынағам арқылы ата-анамды ұрып-соққанын, әйелімнің түсік тастағанын білдім, – дейді Мұрагер Әлімұлы.

Қастер Мұсаханұлы өзін бірнеше рет лагерьге қамауға әрекет жасалғанын, алайда ауылдағы басшы туысы болғандықтан, қамалмағанын айтты.

– Мен қашып кеткеннен кейін ол асылып қалған, – деді ол.

Мұсаханұлы судьяға қазір имам қызметіндегі туған ағасы мен бүгінгі тағдыры беймәлім туған бауырының Шыңжаңда лагерьде отырғанын айтты.

Сотқа айыпталып жатқандардың туыстары, лагерьден шыққан өзге адамдар, Қастер мен Мұсахан шекараны кесіп өткенде заставада жұмыс істеген шекарашылар – барлығы 11 адам куәгер ретінде қатысты.

Сотталушылардың туыстары Әлімұлы мен Мұсаханұлын шекарадан күтіп алып, көлікпен әкеткендерін айтады. Мұрагердің әпкесі Нұргүл Әлімқызының айтуынша, Қытайда әке-шешесі қалған. Нұргүл Әлімқызына Қастер мен Мұрагер «Қазақстанға турист ретінде келдік» деген. Олардың шекараны заңсыз кесіп өткенін «Атажұрт еріктілері» ұйымынан білген.

Кейін Шекара қызметінің өкілдері куәгер ретінде сөйледі. Прокурор Ержан Әзімбаев «террористерді де өткізіп жіберетін» шекарашылардың біліктілігі туралы сұрады. Шекарашылардың бірі Фархат Әлішерұлының сөзінше, түнде дабыл қосылғаннан кейін шекарадан адам өткен жерге барған. Тағы бір шекарашы Исабай Манас шекара бұзғандарды итпен және түнде көрсететін құрылғымен іздегенін айтты.

Шекарашы Фархад Әлішерұлы сотта жауап беріп тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Шекарашы Фархад Әлішерұлы сотта жауап беріп тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Прокурор дабыл түскенде не істегендерін сұрап еді, шекарашылар тамақтанып отырғанын айтты. Ержан Әзімбаевтың «Егер шекараны террористер кесіп өтсе де осылай істейсіздер ме? Неге оларды өткіздіңіздер?» деген сұрағына шекарашы: «Біздің қарауылдың мүмкіндігі сол» деп жауап берді.

Біраз уақыт өткеннен кейін судья Шынар Оспанова 10 минутқа үзіліс жариялады. Бірақ үш минуттан кейін судья бөлмеде өзге отырыс өтетіндіктен сот 21 қаңтарда жалғасатынын хабарлады.

Кейбір белсенділер судья отырысты «жоғарыдан қоңырау» түскен соң тоқтатты деп ойлады.

Судья шешіміне наразы болған адвокат Ләззат Ахатова судьяға қарсылық білдіретінін мәлімдеді.

– Адамдардың бәрі Мұрагер мен Қастерді қолдау үшін қыста қауіпті жол жүріп келді. Бұл – мазақ. Судья сотты дөрекі жүргізді, ешкімге бірдеңе айтуға сөз бермейді, – деді ол.

Сотқа жиналған белсенділер. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Сотқа жиналған белсенділер. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Кейін адвокат судьяға сенімсіздік танытып, шағым түсірді.

Куәгер ретінде шақырылған, бірақ жауап беріп үлгермеген Тұрсынбек Қаби мен Гүлзира Әуелхан бұрын Шыңжаңда лагерьде отырғанын айтады. Гүлзира Әуелхан «Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға депортацияламайды» деп үміттенеді.

Отырыстан кейін Қазақстанның әр қалаларынан келген белсенділер аудандық сот ғимаратына жиналып, соттың әділ еместігін, Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтаруға болмайтынын айтты.

– Бұлар біздің батырымыз! Қытайда не болып жатқанын білуіміз керек. Ол жақта бәрі дұрыс болса, ешкім де қашпас еді, – деді Алматыдан келген белсенді Нұрлан Боранбаев.

Ол «Малайзияда ұйғырлар Қытайдағы этникалық ұйғырлардың мәселесін көтеріп митинг өткізді, біз неге этникалық қазақтарды қорғай алмаймыз» деп сөйледі. Белсендінің сөзін Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев бөлді. Әкімдік өкілі «митинг өткізу үшін рұқсат алу керектігін» ескертті. Аз уақыттан кейін жиналғандар тарап кетті.

Белсенділер сот сыртында Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын босатуды талап етіп тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

Белсенділер сот сыртында Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын босатуды талап етіп тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға «шекараны заңсыз кесіп өткені» туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін «шекарадан заңсыз өтті» деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген еді.

Бұған дейін Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін «қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті» деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.

Ұйым Қазақстан билігі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қамаудан тез арада босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, екеуіне құқықтық көмек көрсетіп, босқын мәртебесін беруі керек деп санайды.

Azattyq