Елордада 15 мыңнан астам көпбалалы отбасы жәрдемақыға ие болды

0

Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыға өтініш беру үшін құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына өткізу қажет

НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Қазіргі жағдай бойынша елордалық 15 мыңнан астам отбасы аталмыш жәрдемақыға ие болып отыр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін көмектің жаңа форматына сәйкес, жәрдемақы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде төленеді. Атап айтқанда, 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге,7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.

Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыға өтініш беру үшін құжаттарды Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарының халыққа қызмет көрсету орталықтарына өткізу қажет.

Жаңа жәрдемақы: көпбалалы отбасыларға 17 млрд теңге төленеді

Қазіргі кездегі жағдай бойынша бұрын арнайы мемлекеттік жәрдемақы алған 10 266 көпбалалы отбасыға төлемдер автоматтандырылды. Ал 2018-2019 жылдары туған 4 және одан да көп баласы бар 5 075 отбасыға мемлекеттік жәрдемақы қайта тағайындалды. Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен болса немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і болса, азаматтар атаулы әлеуметтік көмекке жүгіне алатындығын айта кеткен жөн.

Естеріңізге салсақ, 2020 жылдың 1-тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34 654 теңге, кедейлік шегі – 24 258 теңге.



sputniknews.kz