Онда тұрған ешнәрсе жоқ: Кенжебек Жанәбілов жалаңаштана түскен жарнамасы жайлы айтты

0
818

«Музарт» тобының мүшесі, әнші Кенжебек Жанәбілов өзіне сын айтқандарға жауап берді. Өзі шығарған шоколадты жарнамалаймын деп басы дауға қалған әнші мұның маркетингтік әдіс екенін айтып ақталды. 

Бұл туралы әнші Нұрсұлтан Құрманмен болған сұхбатында айтты.

Кенжебек Жанәбілов әншіліктен бөлек өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Соңғы күндері шоколад жарнамасына жалаңаштана түсемін деп көпшіліктен сөз естіп тынды. Алайда әншінің өзі бұдан ешқандай әбестік көрмейді.

«Мені осы уақытқа дейін жасаған жарнамамның ішіндегі елге өткені осы болды. Бұған дейін қазақша киіммен де жарнамаладым. Басқаша жолмен де жарнамаладым. Ол кезде ешкім назар аударған жоқ. Енді жалаңаштана суретке түсіп ем, бәрі көріп сөз қылды. Адам ең бірінші жаман нәрсені көреді. Жақсыны көрмейді. Ислам жолында дұрыс емес деп пікір жазды. Енді бірі ақтап жатты.

Түсінгендер мұның жарнамалық әдіс екенін айтып жатыр. Енді бірі мұның маған ерсі әрекет екенін айтты. Бәрі өз деңгейінде түсінді. Әурет жер деген ер адам үшін тізеден жоғары денең. Оның бәрін айтып ақталғым келмейді. Жай ғана қара пиар. Саудамды жүргізу үшін сондай қадамдарға баруға мәжбүрмін. Бұл баяғыдан келе жатқан әдіс», – деді Жанәбілов.

Әнші осы жарнамадан соң сұраныс артқанын мойындады. Өнімге қызығушылық танытқандар, сатып алушылар, ұсыныс айтқандар саны артқан. Бұл қара пиардың көмегі.

«Ешкім біреудің өмірін өзіндей білмейді. Менің өткенімді ешкім білмейді. Менің ұлымның денсаулығын, Алланың сынағымен өмірге келгенін, оның емі үшін қанша жыл жүгіріп жүргенімді, оған қыруар ақша керек екенін білмейді. Жеңіл сөзге ереді. Мен құлағы естімейтін балаларға арнап қайырымдылық қорын аштым. Мұғалімдерді өз ақшама жалдадым. Менің ұлым секілді балалар тегін оқыды. Бұл жерде пайда табуды емес, сауап алуды ойладым. Мұның бәрін айта бермейміз ғой. Жақсы нәрсені бағалаудың орнына, адамның жаман жағын бірінші іздеп тұрады», – деді әнші.

Кенжебек мырза осы ретте «Музарт» тобының гонорары қанша екенін ашып айтты. Әйгілі топ әншіміз деп аспандағы бағаны сұрамаймыз, өз нәсібімізге қанағат етеміз дейді.

«Біз бұрын 10 мың доллар деген бағаны қойғанбыз. Музарт сырта шықса, 10 мың доллар, қала ішінде 5 мың долларды сұрайтын. Әлі де сол баға. Сол бағаға шығамыз. Өнер көрсетеміз. Оның ішіне бәрі кіреді. Жолымыз, жатар орнымыз бәрі бар. Қазір жас әншілер, жеке әншілер бізден көп сұрап жүр. Бір әнші 5 мың доллар алуы мүмкін. Біз олармен санасып бағамызды өсірген жоқпыз. Қанағат еттік. Бұрынғы бағаны сол күйінше қалдырдық», – деді ол.