«Өмірімнің қалған күндерін өзіңмен өткізгім келеді». Елорда тұрғыны 30 жылдан соң алғашқы махаббатын іздеп жүр
Нұр-Сұлтан тұрғыны араға 30 жыл салып өзінің алғашқы махаббатын іздеп жүр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші» арнасы.
Ер адам редакцияға ерекше өтінішпен жүгінген — оның алғашқы ғашығы Лилиясын табу. Айырылысып кеткендеріне 30 жыл болса да, алғашқы кездесуі мен жазысқан хаттарының мазмұны әлі есінде. Оны табу мүмкіндігі аз екенін түсінсе де, жүрегі жай таппай жүргенін жасырмайды.
Олар 1990-жылдардың соңында Қарағанды қаласында автовокзал жанындағы орындықта танысқан. Айтуынша, сол күні қыздың үстінде қызыл көйлегі болған. Дене сымбаты сұлу әрі нәзік келген. Оның аты — Лилия, ал ер адамның есімі — Төлеген. Бұдан кейіноны Таяу Шығысқа әскерге алып кетіп, екеуі бір жылдай хат алмасады. Осылайша ол 30 жыл бұрын сүйген адамынан көз жазып қалды.
«Ол өте ерекше болды, басқа қыздардан, әйелдерден ерек еді. Ол менен ешнәрсе талап етпеді, сондай әдемі сөздер, дана ойлар жазатын. Мен хаттарынан сондай керемет күйде болдым», — дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны Төлеген Мұқанов.
Сондай-ақ, ол хатта жазылған мекенжай бойынша іздеп таба алмағанын айтты. Есесіне бірнеше суреті бар екен. Екі рет ажырасып, бір қыз бала тәрбиелеп отырған Төлеген әйелдің тегін есіне түсіре алмаған. Әлі күнге дейін сол күні құлағында қандай сырға болғанына дейін біледі екен.
«Егер ол тұрмысқа шығып, ер азаматы болса, бақытты болса, мен оған береке мен бақыт тілеймін, гүлдей берсін. Ал егер жалғыз болса, өмірімнің қалған күндерін өзімен өткізсем деймін. (…). Лилия қымбаттым, сенің қайда тұратыныңды, қайда жүргеніңді білгім келеді. Қазақстанда болсаң да, шетелде болсаң да, келемін. Меніңше, біз бір-бірімізді іздеп жүрміз, осы сөздерімді естігеніңді қалаймын. Мен мұны сезіп тұрмын», — дейді елорда тұрғыны Төлеген Мұқанов.
Астаналық редакцияға ұсынған суреттегі бойжеткен 17-18 жаста. Қазір Лилия шамамен 50 жаста.