Өмірдегі орны бөлек еді

0

Жақсылар арамызда жүргенде мы­на өмірден өтпейтіндей, ана дүниеге ешқашан кетпейтіндей көрінетіні бар. Сондай абзал, жақсы азаматтардың бірі Абай бауырымызды да ортамызда аңқылдап жүре беретіндей сезінуші едік. Ғұмырын оншалықты ұзақ қылмаған Жаратқанның жазуына шара бар ма?..

Азды-көпті ғұмырында мағыналы тірлік кешіп, түрлі қызметтерді, соның ішінде лауазымды қызметтерді де ат­қарған Абай Сәдуақасұлының қадірі тірлігінде де жоғары болды. Жақсы жол­дас, қимас туыс, кішіпейіл іні ай­на­ласындағыларға адамгершілігі зор, орны бөлек ақкөңіл азамат ретінде танылып еді. 

Абай туралы сөз болғанда өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдары ойға оралады. Еңбек жолын бастағанына көп уақыт бола қоймаған жас журналиспен Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде бірге қызмет атқардық. Редакциямыздың арқасүйер ақсақалы, қарбалас тірлігі бір бітпейтін аудандық газеттің қара нары іспетті Сәдуақас Бигелдиев аға­мыздың Абайды қолынан жетектегендей болып журналистік қыз­метке алып келгені есімізде. Көзін аш­қалы көргені журналистік қызмет болғасын, аудандық газетте қызмет атқаратын тілшілерді түгелге жуық та­нығасын ба, әлде табиғатынан шы­ғармашылыққа бейімдігінен бе, Абай газет жұмысына бірден қоян-қолтық араласып, ұжымға тез үйренісіп кет­ті. Аз уақыттың ішінде-ақ журналист ретінде қалыптасып, күртілік оқыр­мандарға өзіндік үні, айтары бар ақын ретінде де танылды. 

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Күрті ауданының орталығында «Ақши телеарнасы» деп аталатын жергілікті арнаның ашылғаны ес­тен кетпейді. Бұл өңірдің ересек тұр­ғындары үшін ғана емес, балдыр­ған­дары үшін де ғажайып жаңалық бо­лып еді. Сол кездегі аудан әкімі Серік Үмбетовтің мұрындық болуы­мен ашылған телеарна өңір жаңалық­тарын, өткізіліп жатқан игі шараларды көрсеткеннен кейін көрермен назарына міндетті түрде бейнефильм ұсы­натын. 

Телеарнаның жүргізушісі болып тағайындалған Абай бауырымыз арна жұмысын уақытпен шектемейді. Көп ретте екі сағатқа дейін созылатын, ол кезде теледидарда көп көрсетіле бер­­мейтін бейнефильм аяқталған соң ақ­шилік балдырғандардың өтінішімен кейде тағы бір бейнефильмді қойып жібереді. Ондайда шағын ауылдың бала біткені Абай ағаларының атына өздері білетін барлық жақсы сөздерін жаудырып, қолдарын шапалақтап мәз болып қалатын. Ондай ризашылықты сезінген Абай да қанаттана түсіп, балдырғандарды әр күн сайын қуан­туға асығатын. Азаматтың осындай кеңпейілдігінің өзінен оның жаз кү­нін­дей жайдары мінезі аңғарылып тұ­ратын еді-ау…

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің журналистика фа­культетінде сырттай оқып жүр­генде Абайды азамат ретінде тағы бір қырынан танығандай болдық. Ал­дыңғы буын ағаларына жақсы іні, қатарластарына сыйлас, сырлас дос, жолдасын қиын жағдайда тас­тап кет­пейтін сенімді серік ретінде та­нылған бауырымыз сол кезде Қазақ­станның түкпір-түкпірінен қаншама дос, жолдас тапты десеңізші. Содан кейін де шығар, бүгінде «Жайсаң жол­дастың қазасын кезінде естімей қал­дық, енді қырқына барсақ деп отырмыз» деп хабарласып жатқан азаматтар қаншама?!

Кейін мемлекеттік қызмет саласын таңдаған Абай Сәдуақасұлы Күр­ті аудандық атқару комитеті мен аудан әкімі аппаратында, басқа да­ аудан­дық газеттер редакциялары­ мен мәдениет саласында жемісті қыз­мет атқарды. Сондай қызмет бас­пал­дақтары оны Қазақстан Респуб­ликасының Премьер-Министрі кең­сесінің бас инспекторы, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының әкімі, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы» республикалық мемлекеттік қазына­лық кәсіпорнының директоры лауазымдарына дейін көтерген болатын. 

«Адамды сынап, оның шынайы бет-бейнесін білгің келсе, қолына би­лік пен байлық беріп көр» деген де тұжырым бар. Абай бауырымыз осынау екі қиын сынақтан да сүрінбей өтті деуге толық негіз бар. Нақтырақ ай­татын болсақ, лауазымды қызметтер атқарып жүргенде кеудесіне нан пісіп асқақтап кеткен жоқ, қарапайым да кішіпейіл қалпынан танбады. Көп балалы отбасындағы қоңыртөбел тір­лікке үйренген азамат бақуатты тір­лікке қолы жеткенде де асып-тасқан емес. Тағдырдың жазуымен қиын жағ­дайда қалған кейбір ағайын-туыс пен кешегі тілші әріптестеріне, жо­ра-жолдастарға көмек қолын созып, қаншама сауапты іс жасады. Кей­біреулер тәрізді онысын жарнамалап, дабырайтып көрсетуге де тырыспады. «Әбекең тағдырдың жазуымен бас­панасыз қалған журналисті өзінің саяжайына орналастырыпты», «Бір әріп­тесінің алпыс жылдығына орай ат мінгізіпті», «Ағайын-туыс, құда-жегжатына көмектесіпті» дегендей әңгі­мелерді біраз уақыт өткен соң барып, онда да өзге біреулерден ес­тіп қалатынбыз. Ал өзінің «Мен сөй­­тіп едім…» дегенін бірде-бір рет құла­ғымыз шалмапты. Шын мәніндегі сауапт­ы іс деп нақ осындай игілікті істер­ді айтатын болар деп ойлаймын. 

Абай Сәдуақасұлы тірлігінде рес­пуб­ликалық «Жыл таңдауы» агент­тігінің ұйғарымымен «Қазақстан­ның үздік әкімі» атағына ие болып, мә­де­ниет пен өнер саласына қолдау көр­сеткені үшін «Жыл меценаты» атаныпты. Сондай жақсы істері үшін 2015 жылы «Құрмет» орденіне ие болып, мем­лекеттік тілдің насихатталуына  белсенді үлес қосқаны үшін Алматы облысының атынан «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталған. 

Мұның өзі абзал азаматтың қыз­мет барысында да айтарлықтай жетістік­терге жеткенін, әкімдік жұмысты ат­қара жүріп те қайырымдылық пен із­гі­лікті, ана тілімізге деген жанашыр­лықты дәйім назарда ұстағандығын ай­ғақтайды. 

Осы мақаланы жазу барысында Абай Сәдуақасұлының қатысуымен жер­гілікті «Жетісу телеарнасы» ар­­қылы эфирге шыққан «Ұлт пен рух» бағдарламасын тағы бір көріп шық­тым. «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұра­жайының директоры ретінде негізінен осы мұражайдың өзекті мәселелері жайында әңгіме қозғаған Әбекең басшылық тізгінін қолына алғалы бері жарық көрген кітаптарды көрермен назарына ұсынып, мұражай маңында арнайы «Сапар орталығының» салынатынын, басқа да көптеген игілікті шаралардың жүзеге асып жатқанын қуана хабарлаған екен. Өз саласын жетік меңгерген білгір маман, мәсе­­лені мемлекеттік тұрғыда қоя біле­тін білікті басшы, парасатты азамат деңгейіне көтерілген Абай Сәдуақас­ұлы­ның нар тұлғасы, жарқын жүзі көзімізге оттай басылды. Сол сәтте ойы­­мызға «Осы жобалардың талап дең­гейінде жүзеге асуын қадағалауым керек, дәрігерлерге содан кейін қа­ра­лармын» деп шапқылап жүріп жү­ректі емдеу уақытын өткізіп алды-ау дей­мін», – деген туыстары мен әріп­тес­терінің өкініш пен өксікке толы сөзі орал­ды. 

Иә, жұмыс, жұмыс деп жүріп жүй­­ке мен жүрекке салмақ түсіріп, ден­саулықты бұзып алатынымыз өкі­нішті. Әйтсе де ең алдымен өзінің тір­шілігін ойлап, өз қамын күйттеп жүр­се Абай Абай болар ма еді деген ой көңілге тағы оралмай қоймайды. Ұжым, мекеме, түптеп келгенде мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойып, ең қымбат деген денсаулығының өзін соңғы кезекте ойлайтын мұндай азамат­тардың қатары да сиреп бара жатыр-ау…

Жақсы адамның жарқын бейнесі асқар тау секілді алыстаған сайын асқақтай түседі емес пе? Сол айт­қандай, Абай бауырымыздың асыл бей­несі де көңіл төрінде, жүрек түкпі­рінде бірден-бірге бұрынғысынан да биіктей түскендей. Адал дос, адам­гершілігі жоғары абзал азамат, жаны жайсаң жанның рухы бұл биігінен ешқашан төмендемек емес. 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Алматы облысы 

Дереккөз: http://egemen.kz/