өмірбаяны, еңбек жолы, жетістіктері, отбасы—

0

2020 жылдың жетінші ақпанында бес жылға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып Наурызбай қажы Тағанұлы сайланды. Жаңа бас мүфти туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Өтпенов Наурызбай Тағанұлы 1977 жылдың 13 наурызында Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келген.

Білімі

1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында жоғары діни білім алған. 1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыды.

2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген.

Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне сайланды

2010 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіреді. 2011-2013 жылдары осы университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдады.

2017 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқып жатыр.

Еңбек жолы

  • 1997-2006 жылдары республикамыздың түрлі мешіттерінде имам қызметін атқарады;
  • 2006-2011 жылдары — ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің бас имамы;
  • 2011-2013 жылдары — Қазақстан Республикасы дін істері агенттігінің діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының бас сарапшысы;
  • 2013-2018 жылдары — ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы;
  • 2018 жылдың шілде-қазан айлары — ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы;
  • 2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі,  республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.

Жетістіктері

Наурызбай Тағанұлының жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына үлес қосқан. Қарағанды облысында «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» атты жобаларды іске асырды. Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалары мен «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.

Марапаттары

«Құрмет» орденінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы. Қазақтан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен, Қазақтан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен, Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Отбасы

Үйленген, 4 баланың әкесі.



sputniknews.kz